Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Парижден кейінгі алғашқы турниріне қатысады

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Қытайдың Циндао қаласында өтетін дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңіне қатысушылар тізіміне енді. Дүбірлі дода 26-28 маусым аралығында өтеді.
Елдос Сметов үшін бұл 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы халықаралық жарыс болмақ. Еске сала кетейік, Сметов Парижде қазақстандық дзюдо тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алған еді. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) оны 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысушылар қатарына қосты.
Осы салмақта ел намысын Сметовпен бірге Талғат Орынбасар да қорғайды. Алдын ала мәлімдеме бойынша, Циндаодағы турнирге Қазақстан ұлттық құрамасынан 21 спортшы (11 ер және 10 әйел) аттанады.
Қазақстан құрамасының толық құрамы:
Ерлер арасында 60 кг: Елдос Сметов, Талғат Орынбасар, 66 кг: Ғұсман Қырғызбаев (Париж Олимпиадасының қола жүлдегері) 73 кг: Бақытжан Әбдірахманов, Ерсұлтан Дүйсенхан, 81 кг: Абылайхан Жұбаназар, Әділет Алмат, 90 кг: Айдар Арапов, Даниил Крылов, 100 кг: Асқар Біржанов, Бақжан Байтас
Әйелдер арасында 48 кг: Абиба Әбужақынова (2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) 52 кг: Меруерт Сәрсенова 57 кг: Бақыт Құсақбаева, 63 кг: Эсмигүл Куюлова, 70 кг: Ажар Асхат, Мөлдір Нарынова, 78 кг: Аруна Жангелдина, Екатерина Токарева, +78 кг: Аида Тойшыбекова, Назгүл Маратова.
Қазіргі уақытта Елдос Сметов Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Испанияның Бенидорм қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында дайындалып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы Елдос Сметов өзі жайында кітап шығарғаны туралы жазған едік.