Жол ережесін бұзғандарға салынған бірнеше миллиард теңге айыппұл кешіріледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock
фото: shutterstock

Әкімшілік және қылмыстық рақымшылық аясында, жол ережесін бұзғаны үшін салынған бірнеше миллиард теңге айыппұл кешірілмек.

Десе де, қызылға өту секілді өрескел ереже бұзушылықтардың айыппұлы бұған ілікпейді.

Қандай айыппұл кешірілмейді

Kazinform ақпаратына қарағанда, депутат Снежана Имашева есептен шығарылатын айыппұл жөнінде пікір білдірді.

«Негізінен бұл ІІМ салған айыппұлдар болады. Соның шамамен 90%-ы – жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін құқықбұзушылықтар, яғни қызыл жарыққа өту, жылдамдықты асыру, мас күйде көлік жүргізу сияқты жағдайлар рақымшылыққа ілікпейді», – деді депутат.

Кешірілетін жағдайлар

Оның сөзіне қарағанда, қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе телефон пайдаланған үшін алған айыппұл кешірілуі мүмкін.

Қылмыстық рақымшылық жеңіл және орташа ауырлықтағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстар жасағандарға қатысты болады. Сонымен қатар, бұған ешқандай шығын келтірілмеген немесе келтірілген шығын толық өтелген істер де жатады.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін қысқарту ұсынылып жатыр. Бірақ тек келтірілген шығын толық өтелген жағдайда ғана.

Заң жобасы 1 шілдеге дейін қабылданады деп күтіліп отыр.

Айта кететін жайт, жол ережесін жиі бұзғандарды көлік жүргізуші құқығынан айыратын жүйе енгізілгелі отыр.

Сондай-ақ оқыңыз