Қытайлар Алматыда 300 млн долларға қоқыстан қуат өндіретін зауыт салады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай компаниясы Алматыда қоқыс өртейтін зауыт салады
Қытай компаниясының Бішкек қаласында қоқыс өртеу зауыты / фото: junxinep.com

2025 жылғы желтоқсанда Қырғызстан астанасында қоқыс өртейтін зауыт ашқан қытай компаниясы енді Алматы қаласына келді. 21 мамырда Hunan Junxin EP басшысы Дай Даого елдің премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесді.

Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd қытай компаниясы Алматы қаласында да қалдықтарды кәдеге жарату зауытын салуды көздейді. Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, құрылыс 2026 жылғы 29 мамырда басталады.

Олжас Бектенов пен Дай Даого инвестициялық келісімге отырды. Инвестицияның жалпы көлемі 145,5 млрд теңге, яғни шамамен 308 млн доллар.

Hunan Junxin басшысы Дай Даого
Қытай компаниясының басшысы Дай Даого / фото: Алматы әкімдігі

«Hunan компаниясының Қазақстан нарығына келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің былтырғы кездесуіміз барысында еліміз үшін осы маңызды жобаға жақсы серпін берілген еді», – дейді Бектенов.

Үкімет басшысы Қазақстан мен Қытай президенттері көрші елдердің экономикалық қатынасын дамытуға «зор мүмкіндік жасап отырғанын» айтқан.

Дай Даого зауыт құрылысы мамырдың аяғында басталатынын, нысан екі жылдың ішінде пайдалануға берілетінін мәлімдеген.

Кәсіпорын бір тәулікте 2 мың тонна қалдықты өртеп, 60 МВт қуат өндіреді. Құрылысқа 700 адам қабылданады. Зауыт іске қосылғаннан кейін онда 120 адам тұрақты жұмыс істейді.

«Біз Қазақстанның «жасыл» дамуына және инвестиция тартуға нақты үлес қосатын ірі жоба болу үшін ұмтылып, сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді қытай инвесторы.

Бұған дейін Kursiv.Media тағы бір қытай компаниясы Түркістан облысында ірі қара сүйегін өңдейтін зауыт салғаны туралы жазған. Huating басшысы қазақ шенеуніктері инвесторларға «бала күтуші сияқты» қарайды деген.

Сондай-ақ оқыңыз