Әкімдіктер инвесторларға инфрақұрылымды неге уақытында дайындай алмай отыр

Қазақстанға келген инвесторлар өндіріс орындарын іске қосу кезінде инфрақұрылымның кешігуі немесе толық дайын болмауына жиі шағымданады. Әсіресе инженерлік желілер мен жол мәселесі кәсіпкерлер үшін басты кедергілердің біріне айналып отыр. Инвесторлар айтып жүрген инфрақұрылым мәселесі жаңадан салынып жатқан Алатау қаласында да қайталанбай ма? Осы сауалды KursivMedia тілшісі қала әкімі Әркен Өтеновке қойды.
Қала әкімі инфрақұрылым мәселесі бар екенін жоққа шығармады. Дегенмен мұндай жағдай орын алмас үшін, бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткенін айтады.
«Иә, инфрақұрылым мәселелері бар. Бұған дейін айтқанымыздай, арнайы жол картасы құрылды. Соның аясында қандай инфрақұрылым қажет екені нақтыланады. Әрине, бұл жұмыс уақыт алады. Дегенмен қазірдің өзінде жұмыс басталып кетті. Басты мақсатымыз – инвесторлар келген кезде дайын болу үшін қажетті инфрақұрылымды мүмкіндігінше тезірек салу. Қазіргі таңда инвесторлар қолда бар инфрақұрылыммен жұмыс істеп жатыр», – деді Өтенов.
Айта кетейік, Huating Biotechnology жақында Түркістан облысы Ордабасы ауданында ірі қара сүйегін өңдейтін зауыт ашады. Қытай компаниясы өңірге 30 млн доллар инвестициямен кірді. Алайда оның басшысы Жао Боканг жергілікті әкімдік тарапынан кейбір мәселе уақытылы шешім таппағанын айтады. Кәсіпкер инфрақұрылымның дер кезінде дайын болмағанын жеткізді. Нақты айтқанда, зауытқа табиғи газ жеткізу жұмыстары бітпеген.Осының салдарынан кешен жұмысын бастай алмай отыр.
Алатау басшысы бұл мәселе тек Түркістан облысына ғана тән емес екенін, барлық әкімдікте осындай мәселе барын жасырмады.
«Инфрақұрылым мәселесі тек Түркістан облысына қатысты емес. Бұл – барлығымыз күткен, әрі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекеттің басты мақсаты – қажетті инфрақұрылымды тиісті деңгейде дайындап беру. Инфрақұрылым дайын болса, инвестор да өз жұмысын жүргізе береді», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан экономикасы үшін шетелдік тікелей инвестициялар (ШТИ) – экономикалық өсімнің, технологиялық жаңғырудың және жаңа өндірістер ашудың негізгі факторы болып қала береді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елге 10,55 млрд АҚШ доллары көлемінде ШТИ тартылды.