Екібастұзда жаңа әуежай ашылуы мүмкін – Тоқаев жобаны пысықтауды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Президент Екібастұзға жаңа әуежай қажет екенін айтты / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы әкімі Асайын Байхановты қабылдап, оған Екібастұз қаласында жаңа әуежай ашу мүмкіндігін жан-жақты пысықтауды тапсырды.

Кездесу барысында Президентке өңірдің 2025 жылғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді.

Павлодар облысы инвестиция тартуда көшбасшылар қатарына кірді

Асайын Байхановтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң динамика байқалған.

Өңірге шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көлемі 47 пайызды құраған. Осы көрсеткіш бойынша Павлодар облысы республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарына кіріп отыр.

Сонымен қатар былтыр өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 трлн теңгеге жеткен. Қазақстанда өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58%-ы, ал электр энергиясының 42%-ы осы облысқа тиесілі.

Ауыл шаруашылығында өсім бар

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6% өсіп, 571,4 млрд теңгеге жеткен.

Павлодар облысы ылғал үнемдеу технологияларын қолдану бойынша өңірлер арасында алдыңғы орындардың бірін иеленіп отыр. Нәтижесінде шаруалар картоп, күнбағыс және қарақұмықтан мол өнім алған.

30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Әкім Президентке әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы туралы да баяндады. Оның айтуынша, өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қалаларда екі мектеп, ауылдық жерлерде үш мектеп және 30 денсаулық сақтау нысаны салынған.

Биыл тағы екі мектептің құрылысы басталып, әлеуметтік маңызы бар бес ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Әкім: барлық ауыл таза ауыз сумен қамтылды

Былтыр Павлодар облысындағы барлық ауыл таза ауыз суға қол жеткізген. Сонымен бірге өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылған. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 96%-ға дейін жетіп, 621 шақырым автожол мен ауыл көшелері жөнделген.

Биыл перспективті ауылдарға кіреберіс жолдарды толық асфальттау жоспарланып отыр.

Президент Екібастұздағы әуежай мәселесіне тоқталды

Кездесу барысында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғырту, «Шахтер» саябағын қайта жөндеу, трамвай паркін жаңарту, үшінші ГРЭС құрылысы және «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының жүзеге асырылуы да талқыланды.

Сонымен қатар Президент Екібастұз қаласындағы әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне қалада жаңа әуежай ашу мүмкіндігін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жоба өңірдің көлік-транзит әлеуетін және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.

Кездесу соңында Президент инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Еске салсақ, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада тағы бір әуежай салу қажет екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз