Қызылорда облысында 1,9 трлн теңгенің жобалары іске асырылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевты қабылдады. Кездесуде аймақ басшысы Мемлекет басшысына өңірдің 2025 жылғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.

Миллиардтаған инвестиция мен ірі жобалар

Әкімнің мәліметінше, Сыр өңірінде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Экономиканы әртараптандыру аясында алдағы үш жылда жалпы құны 1 триллион 900 млн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Ал осы жылдың еншісінде құны 1 трлн теңге болатын 14 ірі жобаның құрылысы басталады.

Қызылордадағы жаңа әлеуметтік нысандар

Ұлттық құрылтай отырысында Президент берген тапсырмаларға сәйкес, Қызылорда қаласында ауқымды әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жаьтыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта мына нысандардың құрылысы жүріп жатыр:

  • 300 орындық көппрофильді аурухана;
  • 500 келушіге арналған емхана;
  • 200 орындық перинаталдық орталық;
  • Жаңа драма театр және заманауи кітапхана.

Инфрақұрылым, жол және газбен қамту

Өңірде көлік-логистикалық әлеуетті арттыру бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Осы орайда, «Қызылорда – Ақтөбе» автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталып кетті. Жақын арада «Бейнеу – Сексеуіл» тасжолының құрылысына кірісу жоспарланған.

Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен көгілдір отынға қосылады. Бұл аймақ тұрғындарын газбен қамту көрсеткішін 85%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2 400 пәтер беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, 138 шақырымдық автожолдар мен көпір өткелдері жөндеуден өтіп, облыстағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95,5%-ға жетпек.

Есепті тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру, жаңа инвестициялар тарту, экологиялық жағдайды жақсарту және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып жақында 8 мамыр күні ғана тағайындалған. Ал бұрынғы әкім Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз