Roland Garros 2026: Рыбакина мен Бубликтің Париждегі қарсыласы кім

Франция ашық біріншілігі – Roland Garros 2026 турнирінің жеребесі тартылды. Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева және Александр Шевченко алғашқы қарсыласын білді.
Рыбакина мен Бублик мүмкіндігі
Үлкен Дулыға санатындағы ірі жарысқа Қазақстаннан төрт теннисші қатысады. Париждегі додада Рыбакина мен Бублик жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін.
Әлемнің екінші мықты теннисшісі Елена Рыбакина алғашқы ойынын словениялық Вероника Эрьявецке қарсы өткізеді. Бұл матч 25 мамырда өтеді. Осы маусымды жақсы нәтижелермен бастаған Рыбакина әлемнің бірінші теннисшісі Арина Соболенкомен финалда ғана кездесуі мүмкін. Дегенмен Елена жартылай финалда RG турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы Ига Швентекпен ойнауы ғажап емес. Соған қарамастан, Рыбакинаның жеребесі аса күрделі емес деуге болады.
Александр Бубликке Парижде барын салуға тура келіп тұр. Турнирдің тоғызыншы теннисшісі атанған ол алғашқы кездесуді неміс атлеті Ян-Леннард Штруффпен өткізеді. Бұл ойын да 25 мамырда өтеді. Бублик ширек финалға жете алса, әлемнің бірінші теннисші Янник Синнермен ойнауы әбден мүмкін. Бірақ оған жету үшін Қазақстанның үздік теннисшісіне Денис Шаповалов, Фрэнсис Тиафо, Бен Шелтон сынды мықтылардан өтуі керек.
Путинцева мен Шевченко
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева Париждегі турнирді жақсы көреді. Ол екі мәрте RG-дің ширек финалында ойнаған: 2016 жылы үш сетте Серена Уильямсқа жол берсе, 2018 жылы екі сетте Мэдисон Кизден жеңілген.
Биыл Путинцева жарыс жолын австралиялық Тара Гибсонға қарсы мачтпен бастайды. Бұл ойын 24 мамырда өтеді.
Дәл осы күні Александр Шевченко да алғашқы кездесуін өткізеді. Ол бірінші айналымда америкалық теннисші Алекс Микелсенмен ойнайды.
Ролан Гаррос турнирі 7 маусымға дейін созылады. Сол күні ерлер арасындағы бәсекенің жеңімпазы анықталады. Ал бір күн бұрын, 6 маусымда әйелдер финалы өтеді.
Roland Garros 2026 турнирінің биылғы жүлде қоры – 61,7 млн еуро (шамамен 72,8 млн доллар).