Үйқамақтағы Ботагөз Омарова зерттеуінен бас тартып, теріске шығарды

Үй қамақта отырған Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-ға қатысты зерттеуінен бас тартып, өз жұмысын теріске шығарды. Тілшінің мәлімдемесі оның телеграм арнасында жарияланған.
«Омарова Ботагөз Қошқынбайқызы, ресми журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі бола тұра, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-нің және оның директоры А.Е. Усимбековтің қызметіне қатысты өзім таратқан мәліметтерді ресми түрде теріске шығарамын», – деп жазылған арнада.
Ол 2026 жылғы 20 ақпан мен 7 наурыз аралығында «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның құрылтайшысы әрі директоры Азамат Үсімбеков қызметкерлеріне қарыз және ақшалай қаражатты төлемей отыр деп, жалған мәлімет таратқанын айтады. Сол әрекеті үшін өкініп, кешірім сұраған.
«Нәтижесінде бұл жарияланымдар «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-нің де, оның құрылтайшыларының да құқықтарына, заңды мүдделеріне және іскерлік беделіне нұқсан келтірді, бұл үшін шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын… Мен бұл әрекетім арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің 274-бабының нормасын бұзғанымды түсінемін әрі мойындаймын және бұған шын ниетіммен өкінемін», – деп жазылған Омарованың мәлімдемесінде.
Еске салайық, тілші Ботагөз Омарова наурызда полицияға шақырылып, артынша екі айға үйқамағына жіберілген. Ал екі айдан кейін ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу аяқталып, іс жақында сотқа жолданатынын айтқан.
Ботагөз Омарова тілге тиек еткен 274 бап жалған ақпарат таратуға қатысты. Бірақ журналистер мұндай бап болуы қысым көрсетудің, қудалаудың құралына айналды деп есептейді. БАҚ өкілдері заң ережесін қайта қарап, оны қылмыстық құқық бұзушылық санатынан шығаруды сұрайды.