Мектеп оқушылары жазда қандай жұмысқа орналаса алады

Enbek.kz порталында 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған жазғы бос жұмыс орындарының арнайы бөлімі іске қосылды.
Жыл сайын мыңдаған мектеп оқушысы қосымша табыс көзін іздейді. 2026 жылы мемлекет оларға қолдау көрсетіп отыр. Электрондық еңбек биржасында кәмелетке толмағандар үшін жазғы демалыс кезеңіне арналған ресми жұмыс ұсыныстары жинақталған.
Жасөспірімдер жұмысқа қалай тұра алады?
Ресми келісімшарт қажет. Арнайы бөлімде орналастырылған барлық бос жұмыс орындары міндетті түрде электрондық еңбек шартын жасасуды көздейді. Бұл кәмелетке толмаған баланы жалақысының төленбей қалуынан қорғайды.
Уақыт бойынша шектеулер
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, демалыс кезеңіндегі жұмыс уақытының ұзақтығы қатаң шектелген:
14-тен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін – аптасына 24 сағаттан аспауы керек;
16-дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін – аптасына 36 сағаттан аспауы керек.
Рұқсат етілген салалар
Ұсынылатын жұмыс денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар оқу процесіне кедергі болмауы тиіс. Әдетте, мектеп оқушылары қалаларды көгалдандыру, абаттандыру саласындағы бос жұмыс орындарына, курьерлік қызметтер, балалар лагеріндегі көмекшілер, сондай-ақ күрделі емес техникалық немесе әкімшілік жұмыстарды істей алады.
Сонымен қатар 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерді ресми жұмысқа орналастыру үшін міндетті түрде ата-анасының бірінің немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімі талап етіледі.
Бос жұмыс орнын қалай табуға болады?
- Enbek.kz сайтына кіріп, жастарға/жасөспірімдерге арналған арнайы блокқа өту керек.
- Сүзгіні (фильтрді) өз аймағыңызға (қала немесе облыс) сәйкес реттеу қажет.
- Қолайлы бос жұмыс орнын таңдап, келісімшартты тіркеу үшін ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе мобильді азаматтық нөмірді пайдалана отырып, жұмысқа орналасуға өтінім беру керек.
Айта кетейік, еліміздегі барлық мектепте оқу жылы ресми түрде 25 мамырда аяқталады, содан кейін оқушылар үшін үш айлық жазғы демалыс басталады.
Бұл ретте 9-сынып түлектері үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді, ал 11-сынып оқушылардың мемлекеттік емтихандары 2026 жылғы 2-15 маусым кезеңіне белгіленген.