«Бетінің сүйегі көрініп қалған» – Түркістан облысында бес жасар қызды ит талады

Түркістан облысы Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында ит бес жасар қызға шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды.
24KZ хабарлауынша, аулада басқа балалармен ойнап жүрген қызға ит тап берген. Қатты жарақат алған бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер қыздың оң жақ беті қатты тістелгенін айтқан. Көзінің астындағы тері жыртылған. Жарақаттың ауыр болғаны соншалық, сүйегі көрініп қалған. Дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, баланың бетінде өмір бойы тыртық қалатынын айтты. Шамамен бір жарым жылдан кейін оған пластикалық операциялар жасалмақ.
Қазір полицейлер иттің иесін анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, соңғы уақытта өңірде агрессивті иттердің адамдарға шабуыл жасау деректері көбейген.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бергі үш айда 385 адам түрлі жануар шабуылынан зардап шегіп, салдарынан медициналық көмекке жүгінген. 19 мамыр күні Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға қол қойды. Оған сай, иесіз жануарлар ұсталғаннан кейін табиғи ортаға жіберілмей, арнайы орында ұсталады. Егер бес тәулік ішінде іздеушісі болмаса, онда эвтаназия жасалады.