Әлемде алтын өндіруден қай елдер көш бастап тұр

Әлемдегі алтынның көбін тек санаулы ғана елдер өндіреді. Олардың ішінде Қытай, Ресей және Аустралия көш бастап тұр.
Naked Science басылымының жазуынша, Қытай алтын өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Елде 380,2 тонна алтын өндіріледі, бұл жаһандық өндіріс көлемінің 10%-дан астамын құрайды.
Сонымен қатар, Қытай әлемдік ауқымда ең ірі алтын өндіруші ғана емес, сонымен бірге оның ең ірі тұтынушысы болып қала бермек.
Ресей геосаяси шиеленістерге қарамастан, екінші орынды иеленіп отыр. Елде 330 тонна алтын өндіріледі.
Аустралия өзінің орасан зор минералды-шикізат базасы мен дамыған тау-кен секторының игілігін көруді жалғастырып келеді. Бұл елдегі алтын өндірісі 284 тоннаны құрайды.
Африка жаһандық ұсыныстың ширегіне жуығын қамтамасыз ете отырып, күтпеген жерден әлемдік алтын өндірудің негізгі орталықтарының біріне айналды. Құрлықтағы ең ірі алтын өндіруші ел Гана болды, оның өндіріс көлемі 140,6 тоннаны құрады. Одан кейінгі орындарда Мали мен ОАР тұр.
Буркина-Фасо, Судан, Танзания және Кот-д’Ивуар сияқты елдер бүкіл құрлық бойынша тау-кен саласына инвестициялардың артуы арқасында соңғы онжылдықта өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтты.
Айта кетейік, елімізде мамырдың басында 1 гр алтын бағасы 73 321,7 теңгеге жеткен.