Достық даңғылында веложолдар пайда болып, скверлер көбейеді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: жобаның эскизі, мемлекеттік сатып алу сайтынан алынды

Алматы әкімдігі Достық даңғылын Абай даңғылынан бастап Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта жөндеу жұмысын жүргізу үшін 2,14 млрд теңге бөлген. Жобаның эскизі мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған.

Жоба авторлары Достықты «қоғамдық promenade» форматына көшіруді көздейді. Яғни көлікке емес, жаяу жүргіншіге басымдық беру, тұрғындар мен туристер демалатын, серуендейтін маршрутқа айналдыру. Сарапшылар даңғылдың қазіргі инфрақұрылымы қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және бала арбасымен жүретіндерге қолайсыз деп тапқан.

Жоба аясында:

  • жаяу аймақтар кеңейтіледі;
  • жаңа демалыс орындары мен скверлер жасалады;
  • көше жарығы күшейтіледі;
  • барлық жерасты өткелдері жаңартылады;
  • веложол салынады;
  • көгалдандыру жүргізіледі.

Сондай-ақ даңғыл бойында орындықтар, велотұрақтар, аялдама кешендері және шағын архитектуралық нысандар орнатылады.

фото: жобаның эскизі, мемлекеттік сатып алу сайтынан алынды
фото: жобаның эскизі, мемлекеттік сатып алу сайтынан алынды

Жоба бойынша веложолдың жалпы аумағы 3572 шаршы метр болады. Ал тротуар плиткасының көлемі үш есеге жуық артады. Сонымен қатар автоматты суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ Достық бойында 236 жаңа жарық шамы орнатылады. Құрылыс жұмыстары 7 айға жоспарланған. 2025 жылы маусымда жасалған қосымша келісім бойынша, құрылыс жұмыстары осы жылы 15 маусымда аяқталуы керек еді.

Қаражат екі траншпен беріледі. Бірінші кезеңде мердігерге 753 млн теңге, екінші кезеңде 1,3 млрд теңге төленуі керек.

Жаңғырту жұмыстарымен «KDC CONSTRUCTION» ЖШС айналысады. Құрылтайшысы – Нұржан Кәрімов. Нарықта 2015 жылдан бері жұмыс істеп, бюджетке 1,3 млрд теңге салық төлеген.

Достық даңғылының бойы қайта жаңаратыны жайлы әкімдік былтыр хабарлаған. Жаңғырту жұмыстары 4,18 гектар жерді қамтып, ұзындығы 1,5 шақырымды құрауы керек.

Сондай-ақ оқыңыз