Балалар үйіне барған Ербол Хамитовтың әрекеті көпті сүйсіндірді

Әлеуметтік желіде балалар үйіне барған паралимпиада чемпиондарының әрекеті көпті сүйсіндірді.
Бейнежазбада Қуат Хамитов сұрақ қоюға шыққан баланы көтеріп алып, тізесіне отырғызады. Спортшыдан ондайды күтпеген бүлдіршін мәз болады. Ол кадрге қараған кей оқырмандар көзіне жас алғанын жазады.
Кейін белгілі болғандай, чемпиондармен кездескен тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілері екен. Astana Motors құрамындағы Chery Kazakhstan ұйымдастыруымен олар паралимпиада спортшыларымен кездескен.
Қонаққа 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының пара-шаңғы жарысының чемпионы Ербол Хамитов, 2022 жылғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлиц, Паралимпиада ойындарының жүлдегері және Азия ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбеков, пара-армрестлингтен бес дүркін әлем чемпионы Никита Ермаков, Париждегі Паралимпиада ойындарына қатысушы және ту ұстаушы Севда Алиева және пара-пауэрлифтингтен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Вазир Надыров келді.

Спортшылар балаларға спорттағы өмір жолы, алғашқы жеңістері, қиындықтары және спорттың адамның өзіне деген сенімді, тәртіп пен мінездің күшін қалай қалыптастыратыны туралы айтып берді. Ал интернат тәрбиеленушілері қонақтарға кәсіби спортшылардың жаттығулары, жарыстары мен өмірі туралы сұрақтар қойды.
«Балалармен кездесу маған қатты ұнады. Біздің әңгімеміз оларды дамуға, өздеріне сенуге және қиындықтарға қарамастан алға жылжуға шабыттандырып, ынталандырды деп шын жүректен үміттенемін. Мұндай кездесулер бір-бірімізді қолдаудың және тәжірибемізбен бөлісудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әрбір балаға шынайылығы, қызығушылығы және жылы атмосферасы үшін алғыс айтамыз», – дейді Севда Алиева.
Қонақтар үшін интернат тәрбиеленушілері музыкалық нөмірлер дайындады. Кездесу соңында спортшылар естелік футболкаға қол қойып, балаларға Chery kazakhstan және Astana Motors сыйлықтарын табыстап, естелік фотоға түсті. Атап өту керек, компания 20 жылдан астам уақыт бойы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатына қолдау көрсетіп келеді.
Еске салайық, бұған дейін Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов Қазақстан паралимпиада құрамасын Италиядағы Паралимпиада ойындарындағы сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, Ербол Хамитовқа Chery Tiggo 7 көлігін сыйлады.