Қай кроссоверлер 100 мың шақырымға шыдайды – неміс сарапшылары рейтинг жариялады

Auto Bild басылымы 100 мың шақырымдық ұзақ сынақтан өткен жол талғамайтын көлік пен кроссоверлердің рейтингін жариялады. Көліктер тек пайдаланылып қана қоймай, сынақтан кейін қозғалтқышы, беріліс қорабы, аспасы мен шанағының жағдайын тексеру үшін толықтай бөлшектелген.
Ең сенімді кроссоверлер қайсы
Сынақ нәтижесі бойынша ең сенімді кроссоверлер:
– SEAT Ateca 1.4 EcoTSI
– Volkswagen T-Cross 1.0 TSI DSG
Екі модель де ең жоғары «1» бағасын алған және ақаулар үшін небәрі екі айып ұпайымен шектелген. Неміс мамандарының айтуынша, бұл көліктер 100 мың шақырымды елеулі техникалық мәселесіз еңсерген.
Сондай-ақ жоғары баға алған кроссоверлер қатарында:
– Mazda CX-5
– Kia Sportage
– Volvo XC60
– Audi Q5 Sportback
– Cupra Formentor
– BMW X1
– Volkswagen Tiguan
– Hyundai Tucson бар.
Мысалы, қазақстандықтарға жақсы таныс Kia Sportage небәрі төрт айып ұпайын жинаған. Ал Hyundai Tucson 1- деген баға алып, сенімді әрі мықты көлік тізіміне енді.
Subaru мен Audi-дің сапасы көңіл көншітпеді
Рейтингтегі ең проблемалы SUV модельдердің бірі Subaru XV болды. Неміс мамандары жапон көлігінен дәстүрлі сенімділік күткенімен, сынақ барысында бірқатар мәселе анықталған:
– трансмиссия жүйесінің мерзімінен бұрын тозуы;
– поршеньдердің зақымдануы;
– аспа бөлшектерінің тот басуы;
– салон мен әрлеу сапасына қатысты кемшіліктер.
Нәтижесінде Subaru XV рейтингтегі ең төмен бағалардың бірі – 4- алған.
Audi Q3-те сарапшылар күткендей нәтиже көрсете алмады. Сынақ кезінде көлікте лямбда-зонд, EGR салқындату жүйесі және беріліс қорабына қатысты ақаулар шыққан. Соның салдарынан бұл кроссовер де рейтингтің төменгі жағына түскен.
Бұл рейтинг қазақстандықтар үшін нені көрсетеді?
Ең қызығы, рейтингке енген бұл модельдердің көбі Қазақстанда да өте танымал.
Hyundai Tucson, Kia Sportage, Volkswagen Tiguan, Mazda CX-5, Hyundai Santa Fe немесе Volvo XC60 секілді кроссоверлер еліміздің екінші нарығында көп сатылады. Қазір нарықтағы жағдай да ерекше, аз жүрген SUV бағасы кейде автосалондағы жаңа көлікпен шамалас болып кеткен.
Мысалы, 14–18 млн теңге аралығында сатып алушылар көбіне:
– жаңа қытайлық кроссоверді;
– немесе 2–4 жыл жүрген корей, жапон не еуропалық SUV көлігін таңдауға мәжбүр.
Осындай ұзақ мерзімді сынақтар қай көліктің 100 мың шақырымды күрделі ақаусыз еңсере алатынын, ал қай модельдің ертерек сыр бере бастайтынын түсінуге көмектеседі.
Қытайлық көліктер әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр
Бір қызығы, рейтинг көшбасшыларының арасында қытайлық модельдер өте аз. Мұның себебі де түсінікті, қытайлық модельдердің көбі әлі ұзақ мерзімді сынақтардан толық өтіп үлгермеген.
Сондықтан Қазақстан нарығы үшін басты сұрақ әлі ашық. Заманауи Chery, Haval, Geely және Changan көліктері 100–150 мың шақырым жүргеннен кейін қаншалықты сенімді болатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Hyundai Motor компаниясы АҚШ-та 54,3 мың Elantra Hybrid седанын кері қайтаратынын жариялады. Бұған гибридті жүйені басқару блогындағы ақау себеп болған.