Аккаунт пен сим-картаны өзге адамға бергендер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Алаяқтар енді жасөспірімдердің sim-карталары мен аккаунттарын алып, оларды өз мақсаттарына пайдалануға көшкен. Полиция мұндай әрекет қылмысқа жәрдемдесу деп саналатынын айтып, ескерту жасады.
«Кәмелетке толмағандардың материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim-карталарды іске қосып, оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркеп, кейін басқа адамдарға беру жағдайлары тіркелуде. Қаскөйлер бұл аккаунттарды азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін», – деп ескертеді ІІМ.
Ел заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу деп саналады. Сондықтан sim-карталарды белгісіз азаматтардан емес арнайы орындардан сатып алған жөн. Ал әлеуметтік желідегі аккаунтты басқа адамға пайдалануға беруге мүлде болмайды. Әсіресе, жасөспірімдер оның салдары болатыны, қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін түсінуі керек. Керісінше күдікті әрекеттер байқалса, бірден полицияға хабарласу керек деп ескертеді құзырлы органдар.
Еске салайық, қазақстандықтар SIM-карта сатып алғанда биометриялық тексеруден өтуге міндетті. Егер азамат 10-нан көп SIM-карта сатып алғысы келсе, ұялы байланыс операторлары одан мұндай қажеттілікті растайтын дәлел сұрайтын болады. Бұл алаяқтардың жаппай нөмір сатып алуын шектеу үшін қажет.