Ыстықкөл жағалауында бесжұлдызды «Қазақстан» шипажайы салынып жатыр

Ыстықкөл жағалауында бес жұлдызды «Қазақстан» шипажайы салынып жатыр. Жоспар бойынша, осы жылы қарашада іске қосылуы керек деп хабарлайды ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы.
Пайдалануға берілгеннен кейін, шипажай жыл бойы жұмыс істей алады. Бір уақытта 180 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. 260 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы аумағы 17,5 гектар болатын емдеу-сауықтыру кешенінде емдеу корпусы, спорттық-сауықтыру кешені, жабық бассейн, минералды және тұщы суы бар ашық бассейндер болады. Одан бөлек спорт алаңдары, веложолдар, мейрамханалар, кофеханалар, конференц-зал мен кинотеатр қарастырылған.


«Мұнда және медициналық оңалтудың басқа да түрлері қолжетімді болады. Шипажайдың негізгі табиғи емдік факторлары ретінде Ыстықкөлдің климаты, термоминералды суы және Қаракөл көлінің емдік балшығы пайдаланылмақ.
Жоба аясында жұмыс орындарын ашуға да ерекше көңіл бөлінеді», – деп жазылған ҚР Президенті іс басқармасының сайтында.
Дінмұхамед Қонаев демалған саяжай
«Қазақстан» шипажайы Ыстықкөлде алғаш рет 1962 жылы ашылған. Ұзақ уақыт бойы демалыс пен сауықтыруға арналған ең танымал орын болған шипажайда қазір үлкен жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.
Шипажай аумағында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев демалған саяжай әлі күнге дейін сақталған. Нысан шипажайдың тарихи бір бөлігі саналады. Болашақта ол жерде Қонаевтың музей-үйін ашу деген жоспар бар.
Биыл Қазақстан үкіметі Қырғызстандағы шипажайларға 26 млрд теңге инвестиция салмақшы. Оның аясында Ыстықкөл жағалауында төрт демалыс орны салынуы керек. Ол орындар 2029 жылы ашылуы керек.