Каспий теңізін құтқаруға Жапония 3 миллион доллар бөледі

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Жапония Үкіметі Каспий теңізін сақтауға құны 3 миллион доллар болатын жобаны іске қосып жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, қаржы су ресурстарын басқару мен мониторингті жетілдіру, Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне ден қоюға септігін тигізбек.
Бастама Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп іске асырылады.
Каспий теңізі – Еуразияның маңызды экологиялық аймақтарының бірі. 400-ден астам эндемикалық және қоныс аударатын түрлер үшін тіршілік ету ортасы. Теңіз қарқынды түрде таязданып жатыр. Бұған климаттың өзгеруі, температураның өсуі, буланудың жоғарылауы, өзен ағынының азаюы және су ресурстарына жүктеменің артуы әсер етеді.
Айта кететін жайт, Каспийдің тартылуы Қазақстандағы мұнай өндірісіне кедергі келтіруі мүмкін. Қазірдің өзінде геологиялық барлау жұмыстарына әсер етіп отыр.