Жазғы демалыста балалар қандай лагерьлерге бара алады

Мектеп оқушылары жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізу үшін елімізде түрлі лагерьлер үйымдастырылған. Kursiv.Media тілшісі өңірлерде балалар үшін қандай ерекше жобалар дайындалып жатқанын іздеп көрді.
Оқу-ағарту министрлігінің жоспары бойынша, биыл 3,2 миллион оқушы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылады.
Бүгінгі күні 196 маусымдық, 19 жыл бойғы балалар сауықтыру орталықтарында және 11 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлерде 3,2 млн баланы демалыс уақытын ұйымдастыру және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр.
Өңірлерде жазғы лагерь қалай ұйымдастырылған?
Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Бұл ретте жоба балалардың туған жерінің тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрі туралы білімдерін кеңейтуге, киелі жерлер мен тарихи ескерткіштерді аралауға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысында білім алушылардың кәсіптік бағдарлануына ерекше мән беріледі. Жазғы лагерьге қатысушы оқушылар облыстағы колледждер базасында түрлі мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сағаттарына қатысады.
Балалар демалысқа келгенімен, оқу процесінен қол үзбейді. Сабақтар мемлекеттік стандартқа сай, бірақ инновациялық әдістермен, цифрлық технологияларды қолдана отырып жүргізіледі.
Астанада балаларға арналған қандай лагерьлер бар?
Жазғы демалыста елордада мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылады. 1-4 сыныптарға мектеп жанындағы лагерь, 5-8 сыныптарға бейіндік лагерьлер ұсынылады.
«Ұлттық құндылықты дәріптеуге басымдық беретін «Атамекен» этнолагері жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен 2500 балаға ақылы лагерьлерге жолдама беру қарастырылған», – дейді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
Оның айтуынша, мектепішілік есепте тұрған балаларға арналған тәрбиелік бағыттағы арнайы лагерьлер де ұйымдастырылмақ.
Осал санаттағы 500 мың бала мемлекет қамқорлығына алынды
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында осал санаттағы 500 мың бала мемлекет қамқорлығына алынса, тағы 50 мың жеткіншекке «Қазақстан халқына» қоры тегін жолдама береді.
Нарықтағы жолдамалардың орташа құны – 150 000-220 000 теңге аралығында.
Сонымен қатар министрлікке қарасты «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы, Бөбек орталығы жұмыс істейді. Балалар сауықтыру орталықтарында маусымның ұзақтығы 10-15 күнді құрайды.
Лицензиялау – сапа мен қауіпсіздік кепілі
Балалардың қауіпсіздігі мен қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында балалар лагерьлерінің қызметі 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензиялануға жатады. Бұл балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Лицензия алу үшін лагерьлер инфрақұрылым, кадр, медицина, қауіпсіздік сияқты талаптарға сай болуы керек.
Ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмау мақсатында лицензияның қолданылу мерзімі бес жыл болып белгіленді.
Лагерьлердегі санитарлық жағдай қатаң бақылауда
Сондай-ақ барлық лагерьге жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық департаментімен тиісті қорытынды беріледі. Санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттама алмаған лагерлердің жұмысына рұқсат берілмейді.
Ата-аналар тарапынан лагерьлердің қызмет көрсету сапасына қатысты сын болған жағдайда жекелеген түрде санитарлық-эпидемиологиялық департаменті және білім саласының өкілдері аталған лагерьге шығып арыз негізінде мән-жайды тексереді.
Биылғы жазғы демалысты ерекше дайындықтармен өткізу өңірлік білім басқармаларының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
«Жалпы бүгінгі күні барлық лагерьлерге бірдей талап қойып отырмыз. Жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі 9 мемлекеттік органмен келісілген жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын (2024-2026 жылдарға арналған) әзірлеп, қабылдады.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес білім, денсаулық сақтау, ішкі істер, ТЖ, мәдениет және ақпарат, туризм және спорт министрліктері өз құзыреті шеңберінде жазғы демалысты ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіреді», деп мәлімдеді Орта білім беру комитетінің өкілі.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді ұсынған еді.