Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның құрылысы аяқталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы футбол стадионының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Қала басшысы нысандағы жұмыстардың сапасын ҚР Бас прокуроры Берік Асыловпен бірге тексеріп қайтты.

Іргетасы сонау 1936 жылы қаланған тарихи стадион заманауи талаптарға сай толық жаңғыртылып, жаңа инфрақұрылымға ие болды. Ерекше атап өтерлігі, бұл нысанның құрылысы Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүргізілді. Астана әкімдігі бұл бағытта Бас прокуратураның заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бойынша жүйелі жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

UEFA стандарттарына сай жаңа кешен

Жаңарған спорттық нысанның жалпы алаңы 18 951 шаршы метрді құрайды. Стадион халықаралық деңгейдегі 4-ші санат талаптарына толық сәйкес келеді. Көрермендерге арналған 3 600 орындық заманауи трибуналар орнатылған. Футбол алаңына UEFA және Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) стандарттарына сай келетін жасанды көгал төселген. Нысанда конференц-зал, заманауи киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок және техникалық аймақтар қарастырылған.

Толық ашылуы және алғашқы турнир

Қазіргі уақытта стадионды ресми түрде пайдалануға беру бойынша заңдық және ұйымдастырушылық процедуралар жүріп жатыр. Болашақта спорт кешені Астана әкімдігіне қарасты «№8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ теңгеріміне (балансына) өткізіледі.

Стадионның ресми ашылуы үстіміздегі жылдың 4 маусымына жоспарланған.

Ашылу салтанаты 2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы БЖСМ және МБЖСМОР командалары қатысатын Футболдан Қазақстан Республикасының жыл сайынғы чемпионаты аясында өтпек. Осынау алғашқы дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең мықты 15 команда қатысып, бақ сынайды. Олардың қатарында мамандандырылған спорт мектептері мен футболшыларды даярлау орталықтарының тәрбиеленушілері бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Көкшетауда UEFA стандарттарына сай жаңа стадионның құрылысы басталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз