Маңызды тауарлар: Ресей импортына тәуелділік әлі де жоғары

Жарияланды
Ресей елінің импорты / фото: gemini AI

Бір қарағанда, Қазақстанның Ресейден келетін импортқа тәуелділігі азайып келе жатқандай көрінеді. Жалпы импорт көлеміндегі көрші елдің үлесі 2024 жылғы 30,8%-дан 2025 жылы 29,7%-ға дейін төмендеген. Алайда, TradeReport мәліметінше экономика үшін ең маңызды тауарлар тізіміне көз жүгіртсек, мүлдем басқа, әрі алаңдатарлық көріністі байқаймыз.

Ресей басты рөл атқаратын ТОП-20 тауар бойынша импорт көлемі 4,76 млрд доллардан 5,68 млрд долларға дейін өскен. Ал осы тауарлардағы Ресейдің үлесі 89,6%-дан 90,8%-ға көтерілді. Яғни, жалпы тәуелділік төмендегенімен, жекелеген аса маңызды (критикалық) тауарлар бойынша Ресейдің орны монополияға жақындап қалды.

ТОП-20 тауар: Қазақстанның Ресейге тәуелділігі (2025 жыл)

Барлық мәліметтердің шкаласы толуы үшін мышканы осы аймаққа әкеліңіз.

Тауар атауы
Импорт (2025 ж.)
Ресейдің үлесі (2025 ж.)
1. Өңделмеген алтын
$752 млн
100%
2. Төсек орын, асүй жабдықтары (текстиль)
$415 млн
100%
3. Трикотаж киімдер
$259 млн
100%
4. Темір/болат жартылай фабрикаттары (<0.25%)
$174 млн
100%
5. Темір/болат жартылай фабрикаттары (>=0.25%)
$117 млн
99%
6. Күнбағыс және мақсары майы
$100 млн
100%
7. Асүй жабдықтары (болаттан)
$65 млн
100%
8. Қатты күйдегі қант
$309 млн
97%
9. Темір/болат шыбықтар (прутки)
$334 млн
91%
10. Табиғи газ
$840 млн
89%
11. Дәнекерленген құбырлар
$95 млн
87%
12. Электр энергиясы
$370 млн
93%
13. Ағаш-жоңқалы тақталар (ДСП)
$120 млн
75%
14. Мырыш рудалары мен концентраттары
$107 млн
70%
15. Шоколад және какао өнімдері
$178 млн
75%
16. Какаосы бар басқа да бұйымдар
$106 млн
75%
17. Байытылған уран (уран-235)
$307 млн
80%
18. Темір/болаттан жасалған басқа да шыбықтар
$119 млн
81%
19. Квадрат/тікбұрышты қималы құбырлар
$130 млн
94%
20. Күкірт қышқылы, олеум
$129 млн
90%

Бұл жерде тәуелділіктің бірнеше бағытын нақты бөліп көрсету маңызды:

1️⃣ Энергетикалық тәуелділік: Газ, электр энергиясы, уран Табиғи газ импортындағы Ресейдің үлесі 89%-ға, электр энергиясында 93%-ға, ал уранда 80%-ға дейін жетті. Жалпы алғанда, энергетикалық тауарлар (керосин, дизель, мотор майлары және т.б.) бойынша Қазақстанға келетін импорттың 77%-ы Ресейге тиесілі. Бұл тікелей еліміздің энергетикалық жүйесі мен өндірістік тізбектерінің тұрақтылығына қатысты мәселе.

2️⃣ Өнеркәсіптік тәуелділік Металлургия өнімдері, құбырлар, темір шыбықтар (прутки), жартылай фабрикаттар, қышқылдар және басқа да өнеркәсіптік материалдар бойынша Ресейдің үлесі 80-100% аралығында. Бұл Қазақстандағы құрылыс, қайта өңдеу және өнеркәсіп салаларының басым бөлігі ресейлік жеткізілімдерге жіпсіз байланғанын білдіреді.

3️⃣ Тұтынушылық (азық-түлік және киім) тәуелділік Қанттың 97%-ы Ресейден келеді. Киім-кешектің кейбір түрлері бойынша тәуелділік 100%-ға жетсе, шоколад өнімдерінде бұл көрсеткіш 70%-ды құрайды. Бұл – біз күнделікті тұтынатын және дүкен сөрелерінен көретін тауарлар. Әсіресе, азық-түлік тауарлары бойынша тәуелділік қатты байқалады, құндық мәні бойынша Ресейдің үлесі 48-50%-ға, ал заттай көлемде 65%-ға дейін жетеді.

Абсолютті тәуелділік (100%) Кейбір позициялар бойынша біз толықтай бір елге тәуелдіміз. Олар: өңделмеген алтын, жекелеген текстиль бұйымдары, трикотаж киімдер, болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, сондай-ақ күнбағыс және мақсары майы. Бұл тауарлар нарығымызға 100% Ресейден кіреді.

Негізгі мәселе Ресеймен сауда-саттық жасауда емес. Географиялық орналасу, ЕАЭО аясындағы одақтастық, логистикалық және өндірістік байланыстар оны біздің табиғи серіктесіміз ететіні түсінікті. Басты проблема – баламаның жоқтығында. Бірқатар маңызды тауарлар бойынша Қазақстанда басқа жеткізушілер жоқтың қасы.

Егер стратегиялық маңызды тауарлар бойынша бір ғана жеткізушінің үлесі 80-100% болса, бұл жай ғана импорт емес. Бұл — ел экономикасы үшін тәуекел тудыратын тәуелділік. Сондықтан бұл көрсеткіштерді үнемі бақылауда ұстап, өлшеп, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін тұстарда балама нарықтарды (диверсификация) іздеу қажет.

Айта кетейік, Kursiv Media сыртқы сауда бойынша экспорттағы ең ірі 10 тауарды анықтаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз