Дархан Сатыбалды: Алматыда автобус қана жүретін жолдар екі есе ұзарады

Алматы қаласында тек қана автобус жүретін bus lane жолақтары шамамен екі есе ұзартылады. Мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды осылай деп мәлімдеді.
Алматыда қоғамдық көлік пен жол инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты кеңес жиналысы өтті. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық етті, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісін кеңейту жалғасып жатыр. Қазір bus lane жолақтарының ұзындығы – 84 шақырым. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 140 шақырымға дейін ұлғайтылады«, – дейді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, жақында Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді.
«Жаз мезгілінде осындай тәжірибені басқа көшелерде де енгізу жоспарланып отыр», – дейді Сатыбалды.
Кеңесте әкім Алматыда велосипедшілер үшін инфрақұрылым дамып жатқанын атап өтті. Бұған қоса, жол белгілері мен таңбалары, бағдаршамдар жаңартылып жатыр. Аялдамаларға LED-таблолар орнатылып, электросамокат пен кикшеринг қызметтеріне қатысты жаңа ереже енгізіле бастады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дархан Сатыбалды ауаны ластайтын көліктерге бақылау күшейтілгенін мәлімдеген. Қалада жүздеген «лас көлік» иесіне 50 мың теңгеден айыппұл салынған.