Қайрат Сатыбалды қайтарған «Байсат» базары бесінші мәрте сатылмай қалды

Алматы қаласында орналасқан «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы осымен бесінші мәрте электронды аукционда өтпей қалды. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысына тиесілі болған базарды 28,6 млрд теңгеге сата алмады.
Ешкім қатыспаған аукцион
22 мамырда «Байсат» базары осымен бесінші мәрте электронды Sauda порталындағы аукционға шығарылды. Қымбат активтің бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге деп белгіленсе, саудаға қатысу үшін ғана 2,8 млрд теңге кепілдік жарна төлеу керек болды.
Алайда бұл жолы да қайтарылған активті сатып алатын адам табылмады – аукцион бір де бір өтініш түспеуіне байланысты өтпей қалды. Осылайша, KUVA талпынысы бесінші мәрте сәтсіз аяқталды.

Сауда орталығы 2026 жылы үш мәрте аукционға шығарылып, үшеуінде де оған ешкім қызыққан жоқ. Аукциондар 5 ақпанда, 8 сәуірде және бүгін өткен. Айта кетейік, екі ай бұрын базар нарықтағы құнынан арзан бағаға – 24,77 млрд теңгеге ұсынылған еді.
«Байсат» 2025 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айларында сатуға шығарылып, екеуінде де мәрте өтпей қалған.
Сатыбалды қайтарған базар
«Байсат» мемлекет меншігіне – KUVA иелігіне осыдан шамамен екі жыл бұрын өткен. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды оны 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке «ерікті түрде» қайтарған.
1,4 гектар жердегі үш нысаннан тұратын мүлікке Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтан иелік еткен.
Айта кетейік, сәуірдің басында KUVA Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza сауда және кеңсе орталығын 61,5 млрд теңгеге өткізе алмады. Ғимарат Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан.
19 мамырда ғана KUVA мемлекетке қайтарылған 36 қымбат бұйымды сата алмаған. Олардың арасында 158,1 млн теңгенің De Beers гауһар сырғасы, 214,4 млн теңгенің сағаты бар.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Қайрат Сатыбалды барған колледж директоры жұмыстан шығарылғаны мәлім болды. Ал 21 мамырда депутат Ермұрат Бапи парламентте сөйлеп, Сатыбалды қайтарған Hilton қонақ үйін күштеп босатып жатыр деп мәлімдеді.