Құрбан айт қарсаңында мал базарына барған мүфти бағаны көтермеуді тағы сұрады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Бас мүфти Астанадағы базарда ұсақ мал бағасын тексеріп жүр / фото: Мүфтият

27 мамыр – Құрбан айт мерекесі қарсаңында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласындағы мал базарларын аралады. Ол кәсіпкерлерден мұсылмандардың қасиетті мерекесінде бағаны негізсіз көтермеуді сұрады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Құрбан айт қарсаңындағы дайындық жұмыстарымен танысты.

Мүфтият мәліметінше, бас мүфти базардағы сатушылармен және шаруалармен жүздесіп, халыққа сапалы әрі адал қызмет көрсетудің маңызын атап өтті.

«Сонымен бірге қасиетті мереке күндері мал бағасын негізсіз қымбаттатпай, әділдік пен шариғат қағидаларын ұстануға шақырды», – деп таратты мүфтият.

Діни басқарма құрбан шалу рәсімін көпшілікке түсіндіріп жүр. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы орындар мен онлайн форматтағы қызметтер ұсынылады. Мәселен, тұрғындар биыл да мүфтият сайты арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс бере алады.

Айта кетейік, Наурызбай қажы бір аптадан астам уақыт бұрын кәсіпкерлерге үндеу тастап, бағаны көтермеуді сұраған.

2026 жылы Құрбан айт мерекесі 27 мамырға сәйкес келеді. Барша мұсылман қауымы осы күні дастархан жайып, қонақ күтеді. Ал оның қарсаңында – Арафа күні азаматтар ауыз бекітеді. Діни басқарма оның кестесін жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз