Екібастұз әкімі 5 балдық жер сілкінісінің «болмашы» зардабы туралы мәлімдеді (видео)

26 мамырда Астана уақытымен сағат 11:28-де Павлодар облысы аумағында жер сілкінді. 5 балдық дүмпу, әсіресе, Екібастұз қаласы тұрғындарының мазасын қашырды. Артынша шаһар әкімі Аян Бейсекин көпшілікті сабырға шақырып, жер сілкінісінің зардаптары туралы баяндады.
«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 11:28-де жер сілкінді. Алдын ала мәлімет бойынша, дүмпу магнитудасы – 4,5-5 балл», – дейді Instagram парағына видео жариялаған әкім.
Оның айтуынша, қазір құзырлы мекемелер дүмпу зардаптарын анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр.
«Мемлекеттік органдардың қызметкерлері түскен арыз-шағымдарды тексеруге шықты. Жалпы алғанда, жағдай бірқалыпты. Ешкім жедел жәрдем қызметіне көмек сұрап хабарласпады. Ешкім зардап шеккен жоқ», – дейді Бейсекин.
Дегенмен әкім әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердегі «болмашы жағдайлар» туралы айтып қалды.
«Алаңдауға негіз жоқ. Анықталған жайттар бойынша нақты бағасы беріліп, тиісті шара қолданылады», – дейді қала басшысы.
Әкім шындыққа жанаспайтын мәлімет таратпау қажеттігін ескертті.