Михаил Шайдоров: Кейінгі бес айда маған айлық төлемеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке сұхбат берді
Михаил Шайдоров айлық алмағанын айтты / фото: Тимур Балымбетовтің YouTube арнасындағы сұхбаттан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген сурет

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы жетістігінен кейінгі бес айда жалақы алмаған. Мәнерлеп сырғанаушы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Еңбегімді бағаламау деп қабылдадым

«Жас чемпион кімнің жолын кесті?» деп аталатын подкастта Михаил Шайдоров басшылыққа ұнамай қалғанын ашып айтты.

«Менің айлығым туралы мәліметті көпшілікке жайып салған уақытта, мен де соған қатысты пікірімді жарияладым. Менің еңбегімді сыйламау деп қабылдадым. Өйткені жалғым менің ғана айлығымды көрсеткен. Сол арқылы менің отбасымның еңбегін жоққа шығаруға тырысқан. Өздерінің осы медальға қосқан үлесін паш еткісі келген», – дейді Шайдоров.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 20 ақпанда Туризм және спорт министрлігі Шайдоровты қысқы ойындарға дайындауға қанша қаражат бөлгенін жариялаған. Ресми мәліметте спортшыға шамамен 263,4 млн теңге аударылғаны айтылған.

Шайдоров бес айлық жалақы алмаған

Шайдоров Олимпиадаға дайындық төрт жыл бұрын басталғанын, ал қаржылай қолдау спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған уақытта, яғни 2025 жылы ғана көрсетілгенін атап өтті.

«Сол туралы шындықты айтқанымда, мені осылайша жазалағысы келген сияқты. Бес айдан бері маған айлық төленген жоқ«, – дейді Олимпиада чемпионы.

Мұндай ащы шындықты естимін деп ойламаған Тимур Балымбетов таңқалысын жасыра алмады:

«Тарихи жеңіске жеттің. Сені Ақордада ерекше күтіп алды. Президенттің өзі құрмет көрсетті. Сол уақыттан бері саған айлық төлемеген бе?» – деп тағы да сұрады сұхбат жүргізуші.

Шайдоров Миландағы ірі жеңісінен бері жалақы алмағанын растап отыр.

«Иә. Кейінгі бес айдан бері маған айлық төлеген жоқ. Қазір маған келесі маусымда дайындалу керек. Бірақ оған қалай дайындалатынымды түсінбей отырмын. Маған жаңа бағдарлама әзірлеу керек. Қаржылау қолдау бола ма деп сұрасам, әркім әртүрлі жауап береді», – дейді чемпион.

Командасы да айлық алмайды

Оның айтуынша, 1 ақпанда оның дәрігерін алып қойған. Шайдоров осының бәрін «келеңсіз жағдай» деп сипаттады.

«Неге екенін білмеймін, бірақ мен де, менің командам да айлық алып жүрген жоқ. Мен үшін өте түсініксіз жағдай», – дейді атлет.

Ол ешқандай дау-дамайға қатысқысы келмейтінін, көздеген мақсаты – спортшы ретінде өсу, Қазақстан туын ірі жарыстарда биікке көтеру екенін ерекше атап өтті.

Михаил Шайдоров 2026 жылғы 14 ақпанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанау спортынан Олимпиада чемпионы атанды. Ал 25 ақпанда оны Ақордада президент құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз