Атырауда Қарабалиндер тұрған үйдің қазіргі жай-күйі (фото)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қарабалиндер тұрған үй/фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты басты сот талқылауы басталды. Сотталушы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының төрт тұрғынын өлтіргенін мойындап отыр.

Алдын ала сот тыңдауы 18 мамырда өтті. Содан кейін KursivMedia тілшісі отбасы тұрған ауылға барып, иесіз қалған үйдің жағдайын көріп қайтты.

Жангелдин ауылы Атырау қаласынан 378 шақырым жерде орналасқан. Ал аудан орталығы он шақырым жерде тұр.

Жангелдин ауылы/фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Ауылда мың жарымға жуық адам тұрады. Ауылға кірген жерде мазарат орналасқан. Дәл сол жерге отбасының төрт мүшесі қатар жерленген.

Ауыл ішінде абыр-сабыр байқалмайды. Бірлі-жарым кісі қарасы көшеде жүргені болмаса, мамырдың ортасында қайнап жатқан тіршілік көзге көрінбеді.

Қарабалиндердің үйі ауылдың ішкі жағында тұр, жанында жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып жатыр.

Жангелдин ауылы, Қарабалиндер тұрған үй/фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Қатты желден үйдің қоршауы құлап қалған. Үй мен жаздық үйдің (сарай) есігі құлыптаулы.

Қатты желден үйдің қоршауы құлап қалған/фото: kursiv.media

Ауыл халқының дені мал ұстайды. Қарабалиндердің де үйінің алдында қорасы тұр. Бір кездері ішінде ірі қара да, уақ мал да болған. Енді олар Миялыда тұратын туыстарына берілген.

Отбасы тұрған үйді Қарабалиндердің туысы Фаризат Кенжебекова ашты. Ол да Жангелдин ауылында тұрады. Алайда өзінің отбасы болғандықтан, бұл үйге жиын-той кезінде ғана келіп тұрған. Қазір апта сайын келіп, жеті шелпек пісіреді. Үйдің шылауын алып, көңіл айтып келген кіcілерді күтеді.

«Аға-жеңгеміз құдалық-тойдан қалған емес. Бірге туған бауырларының бәрі өмірден өтіп жетті. Жеңгеміз өз үйіне өзі мұқият кісі болды. Күйеу баланы танымайды екенмін. 19-20 жасында кешірімге келген. Ақбаян екеуі жастай үйленді», – дейді Кенжебекова.

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі табылған сарай ішіне де кірдік. Бұл жер сарайға қарағанда жаздық үйге ұқсайды. Ішінде ауа салқындатқыш, асхана, кереует те бар. Жинақы ғана екі бөлмелі жаздық үйдің еденіне линолеум төселген.

Қарабалиндердің сүйегі табылған сарай/фото: kursiv.media

Қылмыстық іс материалына сәйкес, Сәрсемәлиев дәл осы жерде ерлі-зайыптыны бірінен соң бірін пышақтап өлтіріп, денесін көміп тастаған. Бетіне линолеумді қайта төсеп, үстіне кереует қойған.

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі табылған жер/фото: kursiv.media

Фаризат Кенжебекованың айтуынша, екі адамның сүйегі сарай ішін қайта қараған кезде табылған.

«…Ауыр тиеді ғой. Бұл сарайға кіруден қиыны қабірден қабірге апарып көму. Ауылдан Атырауға, Атыраудан ауылға апарып әкелу қиын болды. Аптасына 1-2 рет келіп жеті шелпек пісіріп кетеміз. Тазартып, суын жүргізіп, жинақтап кетеміз», – дейді отбасының туысы.

Қылмыстық іс

Сұлтан Сәрсемәлиевке қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық әрекеттері бар.

Сотта Сәрсемалиев істі алқабилердің қарауына беруге қажеттілік жоқ деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз