Қазақстанда салынатын АЭС-тің қоршаған ортаға әсері тексеріледі

Қазақстанда АЭС құрылысы әлі басталған жоқ. Нысанның құрылысы басталмас бұрын міндетті түрде қоршаған ортаға әсерін бағалау шаралары жүргізіледі. Егер жобаның экологияға кері әсері анықталса, құрылыс жұмыстарына рұқсат берілмейді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.
Вице-министрдің түсіндіруінше, АЭС-ті салмас бұрын оның жобасы толықтай зерделеніп, ықтимал теріс әсерлердің барлық деңгейі мен оның алдын алу шаралары анықталады.
«Егер АЭС-тің экологияға кері әсері бары анықталса, құрылыс басталмайды. Жобалық шешімдер заң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, біз рұқсат бермейміз», – деді Жомарт Әлиев.
Қазір жоба қай сатыда тұр?
Бүгінгі таңда Қазақстанда төрт АЭС салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта тек бір ғана нысанның құрылысы бойынша шешім қабылданған.
Қазіргі уақытта Экология министрлігі құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы күтіп отыр.
«Құрылысты бастау үшін біз жобалау-сметалық құжаттаманың дайын болуын күтеміз. Бұл құжаттарды бізге Атом энергетикасы жөніндегі агенттік ұсынуы тиіс. Құжаттама дайын болғаннан кейін ғана қоршаған ортаға әсерді бағалау мәселесі қаралады. Тек осыдан кейін ғана құрылысқа рұқсат беру мәселесі шешіледі», – деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін АЭС құрылысы 2027 жылы басталатынын жазған едік.