АҚШ-тағы ақаудан кейін Қазақстанда 388 Hyundai Tucson-ның жүйесі жаңартылады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Hyundai Tucson отзыв в Казахстане, Tucson NX4 FL, отзыв хендай туксон, туссан отзыв в казахстане
фото: astana-motors.kz

Hyundai Auto Kazakhstan отандық нарықтағы 388 дана Tucson NX4 FL моделі үшін арнайы сервистік науқан басталғанын жариялады. Шара аясында көліктердің қауіпсіздік жүйесіне жауапты бағдарламалық жасақтамасы тегін жаңартылады.

Бұған дейін Hyundai Motor концерні АҚШ-та бағдарламалық қателіктің салдарынан көліктің өздігінен тежелуіне әкеп соғуы мүмкін ақауды анықтап, 421 мың автокөлікті кері қайтарып жатқанын хабарлаған еді. Ол науқан 2025–2026 жылдары шыққан Santa Cruz пикаптары мен Tucson (соның ішінде гибридті нұсқалары) кроссоверлерін қамтыған еді.

Алғашында «Астана Моторс» компаниясы мұхиттың арғы жағындағы бұл жағдайдың Қазақстандағы ресми дилерлер арқылы сатылған көліктерге қатысы жоқтығын, өйткені АҚШ нарығына арналған машиналардың жиынтығы мен техникалық сипаттамасы бөлек екенін мәлімдеген еді. Дегенмен, бүгін Hyundai Auto Kazakhstan отандық нарықта да алдын алу шаралары жүріп жатқанын нақтылады.

Жаңартудың себебі неде?

Компания таратқан ресми мәлімдемеге сүйенсек, Қазақстандағы шара алдын алу сипатында қолға алынған:

«2026 жылғы 25 мамырда Hyundai Auto Kazakhstan бас кеңседен (Hyundai Motor Company) Қазақстанда сатылған кейбір Tucson NX4 FL автокөліктеріне арналған сервистік науқанды бастау туралы хабарлама алды. Жоба аясында көліктердің алдыңғы соқтығысудың алдын алу жүйесінің (FCA) бағдарламалық жасақтамасы жаңартылады», – делінген хабарламада.

Дистрибьютор өкілдері бұл көліктердің күнделікті қолданыс үшін толықтай қауіпсіз екенін алға тартты. Ал бағдарламаны жаңарту белгілі бір жол жағдайларында электронды ассистенттің одан да дәлірек әрі дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. Осы уақытқа дейін Қазақстан аумағында аталған жүйенің ақауына қатысты көлік иелерінен ешқандай шағым немесе жол оқиғасы тіркелмеген.

Көлік иелері не істеуі керек?

Ресми дилерлер 26 мамырдан бастап тізімге ілінген автокөлік иелеріне телефон соғу және SMS-хабарлама жіберу арқылы жеке-жеке хабарласып жатыр. Көлік иелеріне бағдарламаны жаңарту және диагностика жасату үшін жақын маңдағы ресми дилерлік орталыққа баруға болады.

Барлық сервистік және бағдарламалық жұмыстар толықтай тегін жүргізіледі. Жаңарту процесі ұзақ уақыт алмайды, әдетте 20 минуттың айналасында аяқталады.

Өз көлігінің (Tucson NX4 FL) осы сервистік науқанға кіретін-кірмейтінін білгісі келетін азаматтар 7007 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып немесе ресми Hyundai дилерлеріне жолығып, өз бетінше анықтай алады.

Сондай-ақ оқыңыз