Владимир Путин ЖИ бәсекесіндегі Ресейдің артықшылықтарын атады

Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында Ресей Президенті Владимир Путин жасанды интеллекет саласындағы Ресейдің артықшылықтарына тоқтады.
«Қазір бұл салада кім мықты екенін дәлелдеу үшін ірі мемлекеттер мен алпауыт корпорациялар арасында үлкен жарыс басталып кетті. Осы ретте, меніңше, Ресейдің бұл бәсекеде өзгелерден озып кететіндей өз артықшылықтары бар», – дейді Путин.
Владимир Путиннің айтуынша, Ресейдің бұл жарыста алға шығуына негіз болатын үш басты фактор бар.
«Біріншіден, біз бұл білімнің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз және жасанды интеллект құралдарының іргелілігін ұғынамыз. Екіншіден, тиісті технологияларды енгізудің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін түсінеміз. Үшіншіден, интеллектуалдық әлеуетіміз бар және білім беру саласында аталған процесс белсенді дамып келеді», – дейді ол.
Айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту орасан зор энергия тұтынуды және пайдалануды талап етеді. Ал Ресейдің атом энергетикасы технологиялары мен шағын атом генерациясы электр станцияларын дамытуда бәсекелестік артықшылықтары бар.
Сонымен қатар Ресей президенті Еуразиялық экономикалық форумның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай жиындар билік, бизнес және қоғам өкілдерінің басын қосып, ортақ интеграцияны дамытуға жол ашады. Ал бұл серіктестік Еуразиялық одаққа мүше әрбір елге нақты пайда әкеліп, экономиканы өсіруге және халықтың тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, Астанада 28-29 мамыр күндеріне жоспарланған V Еуразиялық экономикалық форум өтуде. Оған әлемнің 44 елінен 3000-ға жуық адам қатыстып жатыр.
Бұған дейін алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін екенін жазған едік.