China Harbour Ақтау порты акваториясын тереңдетуге кірісті

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Ақтау теңіз порты акваториясын тереңдету жобасы бойынша кеңес өткізді. Жиналысқа мердігер ұйым – China Harbour Engineering Company Ltd компаниясының өкілдері де қатысты. Қытай компаниясы теңіз инфрақұрылымын дамыту жұмысын қолға алған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында жобаны іске асырудың өзекті мәселелері мен дайындық жұмыстарының барысы қаралды.
«Мердігер ұйымның мәліметінше, қазір арнайы техникаларды жұмылдыру және топырақ үйінділері карталары бойынша құрылыс алаңын дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», – деп таратты министрлік.
Вице-министр теңіз порты түбін тереңдету жұмыстарын жеделдетуді, жобаны уақытылы іске асыруды тапсырды.
Тереңдету жұмыстары Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыруды көздейді.
Мәліметтерге қарағанда, China Harbour Ақтау портын тереңдету жұмысы үшін 20,6 млрд теңгенің келісім-шартына отырған.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) мен Еуропа одағы портты дамытуға 45 миллион еуро (35 млн еуро қарыз және 10 млн еуро грант) бөлген. Тоғыз жылға бөлінген кредит теңіз инфрақұрылымын дамытуға берілген.