1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлік техпаспорты тек онлайн беріледі

1 маусымнан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке арналған техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек онлайн рәсімделеді. Өтінімді eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Енді құжатты рәсімдеу, төлем жасау және дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Барлық процесс онлайн форматта жүзеге асырылады.
Техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы дайын болғаннан кейін автоматты түрде пайдаланушының жеке кабинетіндегі «Қызметтер тарихы» бөліміне жіберіледі.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап мұндай өтінімдерді ХҚКО операторлары қабылдамайды.
Онлайн қызметті алу үшін не істеу керек:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Басты бет» – «Жылжымайтын мүлік» – «Сатып алу, сату, жалға алу» немесе «Тұрғын үй қатынастары» бөліміне өту;
- «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» немесе «Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру» қызметін таңдау;
- өтінім түрін және жылжымайтын мүлік түрін көрсету, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалын таңдау;
- қажетті деректерді толтыру, төлем жасау және сұранымға қолжетімді қол қою тәсілдерінің бірімен қол қою.
Құжатты рәсімдеу мерзімі жылжымайтын мүлік түріне байланысты болады. Сонымен қатар техникалық паспортты eGov mobile қосымшасы арқылы да рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Соған қарамастан, ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жұмысын жалғастырады. Егер үйде компьютер болмаса, азаматтар сол жерден өтінімді өз бетінше бере алады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында екі үлкен өзгеріс күшіне енеді. Бірі ипотека бойынша шекті мөлшерлеменің шектелуі болса, екіншісі жаңа Құрылыс кодексі.