Қазақстан Омбы мен Орынборға үш қазақ мектебін салмақшы

28 мамырда Астанада Путин мен Тоқаевтың кездесуі аясында Қазақстан мен Ресей тарапы мектеп салу туралы келісімге қол қойған еді. ЕАЭО форумының кулуарында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мектептердің қай өңірге салынатынын хабарлады.
«Ресей Түркістан, Қызылорда мен Жамбыл облысында мектептер салу туралы ұсыныс берген. Тиісінше біз Орынбор, Омбы және Астраханда білім ошағын салу туралы қарсы ұсыныс жасадық», – деді ол.
Вице-премьердің сөзінше, Орынбор облысындағы мектеп үшін жер учаскесі дайын. Ал Астрахан мен Омбы бойынша әзірге келісімдер жүріп жатыр. Жұманғарин барлық келісім біткенде, үш мектеп бойынша құжаттарға бір уақытта қол қою жоспарланғанын айтады.
Екі жақта да мектептер аралас яғни қазақ-орыс тілді болады.
Айта кетейік, келіссөздер аясында ҚР-да «Қазақстан – Сириус» халықаралық жалпы білім беретін мектебін құру туралы да құжатқа қол қойылды. «Сириус» – Ресейдің халықаралық мектептер желісі. Ол Алматы мен Астанада ашылуы мүмкін.