Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтті

2026 жылдың 23-24 сәуірінде Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылды.
Ұлттық фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, кенже қалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.

Фестивальға шетелден (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), көрші өңірлер (Алматы, Түркістан) мен жергілікті 100-ден астам шебер қатысты.
Фестиваль аясында «Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі өтті.

Бұдан бөлек, сән мен дәстүрді тоғыстыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылды.

Фестивальге қатысушы қонақтарға көрме бұйымдарын сатып алуға және Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауына толық мүмкіндік қарастырылды.
Осылайша, бұл күндері Тараз ұлттық дәстүр мен шалқыма шабыттың тоғысқан ортақ мекеніне айналды.