Алматыда 1 маусымда қайда баруға болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Алматыда балаларды қорғау күнінде қайда баруға болады/фото: қала әкімдігі

Алматыда 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірқатар іс-шара өтеді.

Оның ішінде Алатау ауданында 100 бала циркке барады.

Алмалы ауданында сағат 11:00-де Прокофьев пен Дүйсенов жүргіншілер көшелерінің қиылысында мерекелік концерт өтеді.

Әуезов ауданында мерекелік бағдарлама сағат 10:00-де Family Park-та (Өтеген батыр көшесі, 57А) флешмоб пен алып қуыршақтар және ертегі кейіпкерлерінің шеруімен басталады. Сағат 11:00-де осы жерде Н. Сац атындағы театр балаларға арналған театрландырылған ойын-сауық бағдарламасын ұсынады. Сағат 11:40-та салтанатты іс-шара өтеді.

Сағат 11:00-де «Сарыарқа» скверінде (4-шағын аудан) «Спорт достық алаңы» акциясы аясында дзюдо және асық атудан турнирлер, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталатын спорттық мереке ұйымдастырылады.

Сағат 14:00-де Политехникалық колледжде «Парасатты азамат» тақырыбындағы «Ұрпақтар сабақтастығы» теннис турнирі өтеді. Ал сағат 10:00-де №141 жалпы білім беретін мектеп базасында (Жетісу-2 шағынауданы, 8В) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысатын «Жұлдызды сәт» қалалық фестивалі өтеді.

Бостандық ауданында 30 мамыр мен 2 маусым аралығында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар циркке, хайуанаттар бағына, «Fantasy World» ойын-сауық саябағына, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, қуыршақ театры мен кинотеатрларға тегін бара алады.

Жетісу ауданында «Гүлдер» саябағында (Сериков көшесі, 6А) сағат 10:00-де шамамен 500 қатысушыны қамтитын Damu Bala Fest фестивалі өтеді. Ауданда «Кітап әлемінде» челленджі аясында қазақстандық жазушылармен кездесулер, мәнерлеп оқу байқаулары және сүйікті кітаптарды талқылау ұйымдастырылады.

Медеу ауданында сағат 10:00-де Оқушылар сарайының орталық алаңында «Шаттыққа толы балалық» мерекелік іс-шарасы өтеді.

Сағат 15:00-де Қазақ мемлекеттік филармониясында шамамен 500 балаға арналған «Ғажайып балалар әлемі» гала-концерті ұйымдастырылады. Сонымен қатар 400-ге жуық бала үшін тегін экскурсиялар мен мәдени-ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі.

Наурызбай ауданында Шұғыла шағын ауданы, 347 мекенжайындағы амфитеатрда сағат 15:00-де «Шыңға өрле, биікке самға!» әлеуметтік клубының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар балаларға арналған кино көрсетілімі ұйымдастырылады.

Ал Инновациялық шығармашылық орталығында (Шұғыла шағынауданы, 347/4) Мемлекеттік қуыршақ театры театр өнерін насихаттауға және балалардың мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған концерттік бағдарламасын ұсынады.

Түрксіб ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында судағы қауіпсіздік пен жол қозғалысы ережелеріне арналған «Балалық шақ досы» аудандық тақырыптық челленджі өтеді. Іс-шара сағат 10:00-де №59 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылады. Осы күні сағат 10:00-де Сауранбаев көшесіндегі Арбатта «Балалық шақ» аудандық мерекесі өтеді.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астанада да түрлі мерекелік іс-шара өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз