АҚШ пен Қытайдың БҰҰ-ға қарызы 4,5 млрд долларға жетті

Біріккен Ұлттар Ұйымы банкроттық алдында тұр. Бұған базалық қаржыландырудың 42%-ын қамтамасыз етіп отырған АҚШ пен Қытай тарапынан төлемдердің кешігуі себеп болып отыр.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, АҚШ-тың ұйымға қарызы 4 млрд доллардан асса, Қытайдың берешегі 455 млн доллар болды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйымның қаржылық тығырыққа тірелгенін айтты. Қазіргі болжам бойынша, БҰҰ-ның ақшасы тамыздың ортасында, ұйымға жаңа басшы сайлау науқаны басталған кезде таусылуы мүмкін.
Бюджет тапшылығы жағдайында БҰҰ бұрын-соңды болмаған шараларға барды. Мәселен, кеңселер жабылып, қысқарған хатшылық қызметкерлер саны рекордтық деңгейге жетті (3000 штаттық бірлік), аудармашылардың жұмыс уақыты азайтылып, эскалаторлар өшірілді.
Сонымен қатар Африкадағы жедел нүктелерден бітімгерлерді шығару процесі жеделдетіліп, жалпы бітімгершілік шығындары қысқарды. Ең кедей елдерге (Непал, Бангладеш) тиесілі төлемдер де кешіктіріліп жатыр.
Трамп әкімшілігі қаржылық көмекті жалғастыру үшін бюджет шығындарын қысқартуды талап етіп отыр. Ал өзін ұйымға ең көп ақша құйып отырған негізгі ел санайтын Қытай да төлем жасауды созып жүр. Бұл ретте БҰҰ-ның сырттан несие алуға құқығы жоқ, сондай-ақ ішкі жүйесін өзгертуге де мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне, ұйым ережесі бойынша жыл соңында артылып қалған ақшаны мүше мемлекеттерге қайтарып беруге міндетті. Мысалы, биыл 299 млн доллар қайтарылуға тиіс еді.