Бала терезеден құламау үшін қандай қорғаныс құралын орнатқан дұрыс

Жарияланды 1 Маусым 2026 10:46

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Жыл басынан бері 50-ге жуық бала терезеден құлады / Фото: shutterstock

Жыл сайын жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау деректері көбейеді. 2026 жылдың басынан бері осындай 50-ге жуық жағдай тіркелді. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не нәрсеге мән беру керек? Терезеден құлап кетпеу үшін қорғаудың қандай құралдары шынымен тиімді? Krisha.kz cарапшылары баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарын ұсынды.

Маса торлары қауіпсіздік кепілі емес

Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда балалардың терезеден құлауына байланысты 200-ден астам оқиға тіркелген.

Көп ата-ана әлі күнге дейін масаға қарсы тор баланы қорғайды деп ойлайды. Алайда мұндай торлар тіпті аз ғана салмаққа шыдамайды.

Ең алдымен, есте сақтайтын маңызды жайт – масаға қарсы тор тек жәндіктерден қорғайды.

Егер бала торға сүйенсе немесе оған салмақ түсірсе, бекіткіштері босап кетуі мүмкін. Сондықтан қайғылы жағдайлардың көбі терезе желдету режимінде ашық тұрған кезде орын алады.

2026 жылы терезеге қоятын қандай қорғаныс құралдары сұранысқа ие

Кілтпен құлыпталатын терезе тұтқасы

Фото: remokna.kz

Бұл жағдайда кәдімгі терезе тұтқасының орнына құлпы бар арнайы тұтқа орнатылады. Терезені тек кілт арқылы ашуға болады.

Орнату тәсілі қарапайым, сондықтан мұндай тұтқаны көп жағдайда өз бетіңізше орнатуға мүмкіндік бар.

Артықшылықтары:

  • бағасы қолжетімді;
  • тез орнатылады;
  • бала терезені өздігінен аша алмайды.

Кемшіліктері:

  • кілтті жоғалтып алмау қажет;
  • кейбір үлгілерде терезені желдету режимінде қалдыру мүмкіндігі қарастырылмаған.

Бағасы: бір данасы шамамен 2 000 теңгеден басталады.

Смарт-құлыптар

Фото: okna-kz.com

Бұл – терезені қорғаудың заманауи тәсілдерінің бірі. Оларға мыналар жатады:

  • батырмасы бар тұтқалар;
  • магнитті құлыптар;
  • автоматты түрде бұғаттайтын жүйелер.

Кейбір үлгілер саусақ ізі арқылы, мобильді қосымша көмегімен немесе жасырын батырма арқылы ашылады.

Артықшылықтары:

  • қауіпсіздік деңгейі жоғары;
  • қолдануға ыңғайлы;
  • қашықтан басқару және басқа да заманауи функциялар қарастырылған.

Кемшіліктері:

  • бағасы қарапайым тұтқаларға қарағанда қымбатырақ;
  • кейбір үлгілерді тұрақты түрде қуаттап отыру қажет.

Бағасы:

  • батырмасы бар тұтқалар – 5 000 теңгеден бастап;
  • магнитті құлыптар – 10 000 теңгеден бастап.

Терезені шектегіш трос

Фото: armada.kz

Болат трос терезенің толық ашылуына жол бермейді. Нәтижесінде терезе тек 10–15 сантиметрге ғана ашылады. Бұл бөлмені желдетуге жеткілікті, бірақ баланың терезеден шығуына мүмкіндік бермейді.

Артықшылықтары:

  • бөлмені қауіпсіз желдетуге мүмкіндік береді;
  • үлкен салмаққа төзімді;
  • пластик және ағаш терезелерге де орнатуға болады.

Кемшіліктері:

  • терезе бәрібір аздап ашық тұрады;
  • арзан үлгілер тез тозуы мүмкін.

Бағасы: 4 000 теңгеден бастап.

Балаларға арналған терезе бекіткіштері

Фото: Krisha.kz

Мұндай құрылғылар терезе жақтауына орнатылып, баланың терезені толық ашуына жол бермейді. Терезе тек желдету режимінде ғана ашылады.

Артықшылықтары:

  • құрылымы қарапайым;
  • күнделікті қолдануға ыңғайлы;
  • пластик терезелердің көпшілігіне сай келеді.

Кемшіліктері:

  • кейбір үлгілер ескі терезелерге сәйкес келмеуі мүмкін;
  • дұрыс орнатуды талап етеді.

Бағасы: 3 000 теңгеден басталады.

Жасырын терезе бекіткіштері

Бұл құрылғылар терезе жақтауының ішкі бөлігіне немесе ашылатын бөлігінің төменгі жағына орнатылады. Олар сырт көзге байқала бермейді, бала оған қол жеткізе алмайды әрі терезенің сыртқы келбеті өзгермейді.

Артықшылықтары:

  • терезенің көрінісін бұзбайды;
  • терезені сенімді түрде бекітеді.

Кемшіліктері:

  • қарапайым бекіткіштерге қарағанда қымбатырақ;
  • орнату үшін маман көмегі қажет болуы мүмкін.

Бағасы: 8 000 теңгеден бастап.

Түссіз қорғаныс панельдері

Фото: kaspi.kz

Бұл жүйеде терезеге поликарбонаттан жасалған түсссіз панель орнатылады. Ол көзге аса байқалмайды, бірақ айтарлықтай салмаққа төтеп бере алады.

Артықшылықтары:

  • беріктігі жоғары;
  • терезенің сыртқы көрінісін бұзбайды;
  • панорамалық терезелер мен балкондарға орнатуға қолайлы.

Кемшіліктері:

  • бағасы жоғары;
  • кәсіби орнатуды қажет етеді.

Бағасы: бір секциясы 20 000 теңгеден басталады.

Балаларға арналған металл торлар

Мұндай торлар терезенің ішкі жағына орнатылады. Олар бөлмені еркін желдетуге мүмкіндік береді, бірақ баланың терезеден құлап кетуіне жол бермейді.

Артықшылықтары:

  • ұзақ уақыт қызмет етеді;
  • берік әрі сенімді қорғаныс қамтамасыз етеді.

Кемшіліктері:

  • өрт немесе төтенше жағдай кезінде жылдам ашу мүмкіндігін алдын ала қарастыру қажет.

Бағасы: шаршы метрі 10 000 теңгеден басталады.

Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі

Терезеге орнатылатын қорғаныс құралдарын артық шығын немесе ұсақ-түйек нәрсе деп қабылдамаған жөн. Бұл – баланың денсаулығы мен өмірін қорғауға арналған маңызды қауіпсіздік шарасы.

Қазіргі қорғаныс жүйелерінің көпшілігі салыстырмалы түрде қолжетімді. Мысалы, терезеге арналған қарапайым қорғаныс құралдарын 2–3 мың теңгеден бастап орнатуға болады.

Айта кетейік Денсаулық сақтау министрлігі балалардың терезеден құлау фактілеріне алаңдаушылық білдіріріп отыр. Ведомство мәліметінше 2026 жылдың алғашқы үш айында балалардың терезеден және биіктіктен құлауының 44 жағдайы тіркелген, оның төртеуі өліммен аяқталған.

Сондай-ақ оқыңыз