«Ресейге ауыса ма»: жалақы дауынан кейін Шайдоровты көрші елге шақырды

Ресейлік «Чемпионат» басылымының журналисі Анастасия Рацкевич мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың айналасында туындаған қаржылық дау мен келісімшарт мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Даудың басы – жаңа келісімшарттағы «міндеттемелер»
Ресейлік журналистің мәліметінше, мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан, мемлекеттік құрылым өкілдері жағдайды тезірек жабуға тырысатыны анық. Алайда мәселенің негізгі түйіні Шайдоровтың жаңа келісімшартындағы «міндеттемелер» туралы пунктен шыққан көрінеді.
«Мәнерлеп сырғанау спортында мұндай талаптардың қойылуы шынымен де таңқаларлық көрінеді, өйткені келесі Олимпиада ойындары араға төрт жыл салып қана келеді. 2030 жылға қарай не болатынын ешкім алдын ала болжай алмайды: спортшының жаңа белестерді бағындыруға моральдық күш-жігері жете ме, денсаулығы сыр бермей ме, ол кездегі бәсекелестік деңгейі қандай болады – мұның бәрін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан Шайдоровтың бұл пунктке байланысты таңданыс білдіруі әбден орынды», – деп жазады Анастасия Рацкевич.
Рацкевич екі жақ ортақ мәмілеге келіп, Михаил мансабын еш кедергісіз жалғастыруына мүмкіндік туады деп үміттенеді. Дегенмен Қазақстанда жағдай жасалмаған жағдайда спортшының басқа елге ауысу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
«Біз мәнерлеп сырғанушыларды жақсы көретін бір елді білеміз. Оның үстіне, Шайдоровтың сол елдің аумағында жаттығу жасау тәжірибесі де бар», – деп түйіндеді ресейлік журналист.
Осылайша, ресейлік БАҚ Қазақстан Олимпиада чемпионына жағдай жасамаса, оны Ресей құрамасы қатарына қосып алудан бас тартпайтынын ашық меңзеп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ақпан айынан бері тиісті жалақысын және жаңа маусымға дайындықты ұйымдастыру үшін уәде етілген төлемдерді ала алмай жүргенін айтқан еді.