Көлсайға бару үшін енді күні бұрын билет алуға тура келуі мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Көлсай / фото: Шадияр Өстемір
Көлсай / фото: Шадияр Өстемір

«Көлсай көлдері» ұлтық табиғи паркін тамашалағысы келгендердің қарасы күннен күнге көбейіп жатыр. Сондықтан енді Көлсайға күні бұрын билет брондауға тура келеді.

Автоматтандыру жүйесі енгізіледі

Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жазғы уақытта 7-8 мың турист демалуға келеді. Шетелдіктердің үлесі 30-40 пайызға өскен. Бұл туралы ұлттық парктің Ғылым және туризм жөніндегі орынбасары Хамит Ахметов мәлімдеді.

«Туристердің көп келуі ұлттық парк үшін жақсы. Арнайы есепшоты көбейеді. Бірақ туризм жүктемесі деген ұғым бар. Көлсай бір күнде 6-7 мың адамды қабылдай алады. Одан көп адамды қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселе қолға алынып жатыр. Есеп жүргізіліп жатыр. Автоматтандыру жүйесіне көшеміз», – деді Хамит Ахметов.

Ондағы мақсат – Көлсай мен Қайыңды көлдерін табиғи күйін сақтап, болашаққа аманаттау.

«Бүгін 8 мың адам келсе, шланбауым жабылады. Сонда ғана тепе-теңдікті сақтай аламыз. Мысалы, ұшаққа, пойызға билет алғанда, бүгінге орын жоқ, ертеңіне болады. Сол ұғым Көлсайға да енгізіледі. Өйткені, АҚШ-тың Йеллоустоун секілді ұлттық паркіне кіру үшін бір жыл бұрын жазылу керек», – деді Ғылым және туризм жөніндегі орынбасары.

Маманның айтуынша, келушілердің саны артқан сайын қоқыстың көлемі де артып жатыр.

«Бірақ азаматтарымызда елінің табиғатына, туған жеріне деген жанашырлық сезімі қалыптасады деп ойлаймын», – деп үміттенеді Хамит Ахметов.

Қайыңды / фото: Шадияр Өстемір
Қайыңды / фото: Шадияр Өстемір

Шетелдік туристердің үлесі артқан

Ұлттық парктегі туристердің нөпірі мен инфрақұрылымдардың дамуы бірден көзге түседі. Бұл жайт жұрттың бәріне бірдей ұнап жатпағаны түсінікті. Тұмса табиғаттың бұрынғы саф қалпын көргенде «қазір Көлсай «барахолка» болып кетті» сын айтушылар да табылады.

Шетелдік туристердің географиясы кеңейіп жатыр. Үнді, Қытай туристері жергілікті демалушылардан аз болып көрінбейді. Жолдорбасын асынған АҚШ пен Ресей азаматтары да қылаң береді.

«Көлсай көлдері» ұлтық табиғи паркінің мәліметінше, былтыр – 2025 жылы табиғи паркі аумағына 600 026 демалушы келген. Олар бұл жерге 546,4 млн теңгеге жуық қаржы әкелген.

Былтырғы жоспар бойынша, 450 мың турист қабылдау жоспарланған екен. Бірақ келушілердің саны бұдан әлдеқайда көп болып шықты. Қазақстандықтарды айтпағанда, 128 160 шетелдік турист лап қойған. Олардың ішінде Үндістан, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Франция, Ұлыбритания және Ресейден келгендер де бар.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының дерегінше, былтыр ішкі туристердің саны 520 995 болған.

Кіші Қайыңды / фото: Шадияр Өстемір
Кіші Қайыңды / фото: Шадияр Өстемір

Тоғыз туристік бағыт

Көлсай мен Қайыңды – ең танымал орындар болғанымен, ұлттық паркте тоғыз туристік маршрут жұмыс істейді.

• №1 «Саты ауылы – Қайыңды көлі» – 11 шақырым;
• №2 «Саты ауылы – Саты асуы» – шақырым;
• №3 «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы» – 18 шақырым;
• №4 «Құрметі ауылы – Орта Көлсай көлі» – 17 шақырым;
• №5 «Құрметі ауылы – Қыземшек тауы» – 24,3 шақырым;
• №6 «Кіші Өрікті шатқалы – Мәжі көлі» – 6 шақырым;
• №7 «Төменгі Көлсай көлі» – 3,5 шақырым;
• №8 «Тамғалы тас» – 5,5 км шақырым;
• №9 «Алғабас ауылы – Суықтоғай шатқалы» – 4,5 шақырым.

Ұлттық парктің инфрақұрылымы дамып жатыр. Жақында ғана тікұшақ қонатын алаң ашылды. Алматы облысы әкімдігі мен Туризм басқармасы бөлген 267 миллион теңгеге Қайыңды соқпақтары салынып, абаттандырылған.

Қайыңды өзені / фото: Шалияр Өстемір
Қайыңды өзені / фото: Шадияр Өстемір

Қызмет көлемі 50 пайызға өсті

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Қарабұлақ» орман шаруашылығының орманшысы Асхат Нұрдәулетов ұлттық парк инфрақұрылымының дамуына тоқталды.

«2025 жылдың күз мезгілінен бастап жол салына бастады. Көпірлер салынып, жолдың негізгі бөліктері төселді. 42 жерден трубалар қойылды. 31 тамызға дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл бітеді. Сонымен қатар, жаяу жүрушілерге арнап 550 метрлік соқпақтар салынды. 100 метр болатын соқпақ жол көлдің бойына салынды. Сонымен қатар, орындықтар мен әжетханалар қойылды. Демалушылар тарапынан шағым жоқ», – деді ол.

Ал облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, көрсетілген қызмет көлемі 12,3 млрд теңгеге жетіп, 50 пайызға өскен. Туризмнің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 5,4 пайызға жеткен. Табысы 198,5 млрд теңге көрсетіп отыр. Ал ойын-сауық индустриясынан 81,7 млрд теңге кіріс түскен.

Айта кететін жайт, Алматыда Оңтүстік Кореялық тележоба түсірілді. Онда Алматының көрікті әрі туристік нысандары көрсетіледі. Оның ішінде Көктөбе, Шымбұлақ, Медеу, Көк базар, Көлсай көлдері және қаланың өзге де табиғи әрі мәдени орындары да бар.

Сондай-ақ оқыңыз