ERG-дің Қазақстандағы құрылымына жаңа басшы тағайындалды

Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының Қазақстандағы активтерін Кудрәт Шамиев басқаратын болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Ол «Еуразиялық Топ» ЖШС-нің бас директоры лауазымына тағайындалды. ERG мәліметінше, Кудрәт Шамиевтің қазақстандық және халықаралық компанияларда 12 жылдан астам басқарушылық әрі сарапшылық тәжірибесі бар.
Ол бұған дейін «Hikmet Travel SDN Berhad» (Малайзия), «Altau Group», «Mangosteen Development» және «Найза-Құрылыс» компанияларында басшылық қызметтер атқарған.
Қазіргі уақытта Кудрәт Шамиев – «Integra Construction KZ» бақылау кеңесінің төрағасы, «Todini Costruzioni Generali SpA» директорлар кеңесінің мүшесі және «Kazakh Construction Group» бақылау кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарады.
Бұған дейін Financial Times басылымы ERG-дің бас атқарушы директоры лауазымында Шухрат Ибрагимовты Роман Скляр алмастыруы мүмкін екенін жазды.
Айта кетейік, Eurasian Resources Group (ERG) тобы 2025 жылы 220 млн доллар (шамамен 111,2 млрд теңге) пайда тапқан.