Әйелдер неге еркектерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
фото: Асқар Ахметуллин

Статистика бойынша, әлемде әйелдер ерлерге қарағанда орташа есеппен 5 жылға ұзақ өмір сүреді. Құбылыстың нақты себебі әлі де жұмбақ, бірақ ғалымдардың бірнеше негізгі болжамы бар. ВВС басылымы солардың бірқатарына үңіліп көріпті.

Әлеуметтік фактор мен ерлерге тән тәуекелдер

Ұлыбританиядағы Оксфорд университетіне қарасты қартаюды зерттейтін институтының директоры, профессор Сара Харпердің айтуынша, әйелдердің ұзақ жасауы барлық елде байқалады, бірақ оның айырмашылығы әртүрлі. Айталық, Ресей, Украина мен Вьетнамда әйелдер ерлерден 10 жылдан астам ұзақ өмір сүрсе, Нигерияда алшақтық өте аз.

Бұған бірінші кезекте әлеуметтік жағдай мен мінез-құлық әсер етеді. Ерлер арасында шылым шегу мен ішімдікке үйірлік, дұрыс тамақтанбау жиі кездеседі. Оның үстіне, олар дәрігерге көрінуді кейінге қалдыра береді.

«Тек үйленген ер адамдардың жолы болады, себебі оларды жары дәрігерге сүйреп апарады», – дейді Харпер.

Сондай-ақ ерлер қауіпті жұмыстармен көбірек айналысады, соның салдарынан жол апаты, зорлық-зомбылық пен суицидтен болатын өлім-жітім жоғары.

Алайда үрдісті өзгерткен жағдайлар бар. 1960–1970 жылдары Ұлыбританиядағы темекіге қарсы науқаннан кейін ерлер арасындағы мезгілсіз өлім күрт азайған. Дегенмен, ғалымдар алшақтық ешқашан толық жойылмайтынын айтады, өйткені биологиялық айырмашылық бәрібір үстемдік етеді.

Гормон факторы

Валенсия университетінің физиологы, профессор Консуэло Боррас әйелдердің басты қорғаушысы – эстроген гормоны екенін алға тартады. Ол холестеринді реттеп, иммунитетті күшейтеді, ми мен сүйек саулығын қорғайды. Эстроген – қартаюды тездететін бос радикалдармен күресетін мықты антиоксидант. Менопауза кезінде бұл гормон азайғанда, әйелдерде сүйек жұқаруы жиілейді.

фото: Делия Айдаралиева

Ал ерлердің негізгі гормоны – тестостерон, ол керісінше тәуекелге итермелейді. Оның ағзаға зиянды тұстары да болуы мүмкін. 2012 жылғы зерттеуде піштірілген кореялық евнухтар қатарластарынан 14–19 жылға ұзақ өмір сүргені анықталған. Жануарларға жасалған тәжірибелер де осыған ұқсас нәтиже көрсеткен.

Эволюциялық жұмбақ пен хромосомалар

Макс Планк атындағы Эволюциялық антропология институтының зерттеушісі, доктор Йоханна Штарктың айтуынша, сүтқоректілердің көбінде ұрғашылары ұзақ жасайды. Оның қатарында арыстандар, киттер, тышқандар бар. Ал құстарда бәрі керісінше.
Мұның сыры жыныстық хромосомаларда жатуы мүмкін.

Өйкені сүтқоректілердің ұрғашыларында екі Х-хромосома (ХХ) болады. Егер біреуінде мутация болса, екіншісі оны толтыра алады. Аталық сүтқоректілерде тек бір Х бар (ХҮ), сондықтан мутация ағзаға ауыр соғады.

Ал құстарда аталықтар қос бірдей хромосомаға (ZZ) ие, ал аналықтар екі тұрлі хромосома болады (ZW). Сол себепті құстардың еркегі ұзақ жасайды.

Сонымен қатар, Штарктың 2025 жылғы зерттеуі көрсеткендей, моногамды (жұпты) түрлерде өмір жасының айырмашылығы аз. Ал бірнеше ұрғашы үшін таласатын полигамды түрлерде (арыстан, горилла) аталықтар қуатын дене бітімін өсіруге жұмсап, өмір жасын қысқартып алады. Сондай-ақ адам мен маймыл секілді ұрпағын ұзақ бағатын түрлерде ананың ұзақ өмір сүруі – эволюциялық қажеттілік.

Ұзақ жасау әрдайым жақсы дегенді білдірмейді

Ғалымдар ұзақ жасаудың да қиындығы барын айтады. Әйелдер ерлерге қарағанда бел ауруы, депрессия, бас ауруы сияқты өлімге әкелмейтін, бірақ мазаны алатын созылмалы дерттерге жиі шалдығады. Олардың иммунитеті мықты болғанымен, бұл сырқаттар қабыну ауруларына әкелуі мүмкін, әрі бұлшықет пен сүйек жүйесі сәл әлсіздеу келеді.

«Ерлердің биологиясы оларды өлімге жақындатса, әйелдердің биологиясы мүгедектікке бейім қылады», – деп түйіндейді С. Харпер.

Дегенмен, сарапшылар адам өмірі биологияға ғана тәуелді емес екенін ескертеді. Салауатты тамақтану, белсенді қозғалыс, дұрыс ұйқы мен күйзелісті азайту арқылы ерлер де, әйелдер де ұзақ өмір сүріп қана қоймай, өмір сапасын жақсарта алады.

Сондай-ақ оқыңыз