Көкшетауда 211 млн теңге жымқырған мердігер қамауға алынды

Көкшетауда халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы кезінде 211 млн теңге көлемінде қаржы жымқырған күдікті ұсталды.
ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті мен прокуратураның жүргізген тергеу жұмыстарының нәтижесінде 2021 жылы «Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Айдана-ИК» ЖШС арасында 1 млрд теңгеден асатын сомаға келісімшарт жасалғаны анықталды.
Бұл қаражатқа әлеуметтік осал топтарға арналған көппәтерлі тұрғын үйлер салынуы тиіс еді. Алайда мердігер аванстық төлемдерді алу үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша жалған шарттарды ұсынған.
Кейін тапсырыс беруші тарапынан ЖШС-не 211 млн теңге көлемде қаражат аударылған. Алайда құрылыс жұмыстары толық көлемде орындалмаған.
Нәтижесінде нысандар пайдалануға берілмеген.
«Алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге, контрагенттермен есеп айырысуға, сондай-ақ қолма-қол ақшаға айналдырылуға жұмсалғаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – деп хабарлады ҚМА.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін 56 компанияға жалған жұмыс тәжірибесін жасап, 490 млн теңге заңсыз табыс тапқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған едік.