Жасанды интеллект және қазақ тілі: «Тіл-Қазына» орталығында маңызды басқосу өтті

2026 жылғы 1 маусымда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында маңызды басқосу өтті. Жиын қазақ сөзінің бүгіні мен ертеңі, заманауи технологиялар кеңістігіндегі орны туралы салмақты ой алмасу алаңына айналды. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған көрнекті қаламгерлер, ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысып, ұлттық тіл қоры мен әдеби мұраны жасанды интеллект (ЖИ) дәуірінде сақтаудың өзекті мәселелерін талқылады.
Жиынды ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қазақ тілін цифрландыру мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық басымдық екенін атап өтті:
«Жасанды интеллект енді тек технология саласының құралы ғана емес, тілдің, білімнің, ғылымның, мәдениет пен руханияттың дамуына тікелей әсер ететін жаңа өркениеттік құбылысқа айналды».
Вице-министрдің айтуынша, ЖИ үшін ең басты ресурс — сапалы әрі ауқымды дерек. Бұл ретте ғылыми, әдеби, стильдік тұрғыдан бай «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің маңызы зор. Министрліктің бұйрығымен бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыратын оператор ретінде «Тіл-Қазына» орталығы бекітілген.
Басқосу барысында «Тіл-Қазына» Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай орталықтың негізгі жетістіктері мен жаңа жобаларын таныстырды. Соның ішіндегі ең маңызды нәтижелердің бірі — Til-Qazyna LLM дербес салалық тіл моделінің жасалуы. Бұл отандық өнім қазіргі уақытта Hugging Face платформасында ғылыми-технологиялық қауымдастық пен әзірлеушілер үшін ашық қолжетімді. Сонымен қатар орталық тарапынан әдеби мұраны жаңа технологиялармен сабақтастыруға бағытталған «Әдеби цифрлық қор» және «Тіл үйретуде көркем мәтіндерді бейімдеу» жобалары ұсынылды.

Жиында цифрлық ортада қазақ тілінің табиғи қалпын, бейнелі ойлау жүйесін және ішкі болмысын сақтауда әдебиеттің маңызы жоғары екеніне ерекше назар аударылды. Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік ұлттық әдеби мұраның рухани салмағы мен оны сақтаудың өміршеңдігіне тоқталса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова әдебиет пен жаңа технология арасындағы байланыстың терең мәні туралы ой қозғады.
Сондай-ақ Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқар, Есберген Алауханов, Амантай Шәріп секілді белгілі қаламгерлер пікір білдіріп, ЖИ болашағы тек технологиялық шешімдерге емес, сапалы әдеби мәтін мен тіл мәдениетіне де тікелей байланысты екенін алға тартты.

Жиын соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов «Тіл-Қазына» орталығының жұмысына жоғары баға берді. Ол қазақ тілінің жаңа технологиялық кеңістікте дамуына Жазушылар одағы да мұдделі екенін және бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарға толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ашық әңгіме форматында өткен басқосудың басты түйіні — жаңа кезеңде қазақ тілінің технологиялық кеңістікте табиғи, сауатты әрі бәсекеге қабілетті тіл ретінде дамуына барлық жағдайды жасау болды.