Алматыдағы ең танымал базарлардың иесі кім және қанша салық төлейді

Алматыдағы базарлар қала тұрғындарына ғана емес, жалпы қазақстандықтарға да жақсы танымал. Бұл сауда орындарының айналымы миллиардтарға дейін жетеді. Kursiv Media ең танымал деген базарлардың иесі кім екенін анықтап көруге тырысты.
Алматыдағы «Көк базар»
«Көк базар» – Алматыдағы ең танымал орынның бірі. Аумағы 3,16 гектар жерді алып жатыр. Базардың түпкілікті иесі екі адам. Оның бірі – Forbes тізіміндегі миллиардер, экс-президенттің қызы Динара Құлыбаева. Ол сауда орнын «MERCURY PROPERTIES» ЖШС арқылы басқарады. Тағы бір иесі – миллиардер Цхай Юрий. Базарға «Достар-ИНВЕСТ» компаниясы арқылы иелік етеді. Ол да Forbes Kazakhstan мүшесі, дәулеті 100 млн доллар деп бағаланған. Цхай Юрий Алатау қаласын салуға белсенді араласып жатыр. Құрылыс материалдарын саудалау саласында бірнеше бизнесі бар.
Adata деректерінде, «Көк базардың» 2015 жылдан бастап салық төлей бастағаны көрсетілген. Сол уақыттан бері бюджетке 3,5 млрд теңге құйған Ең көп салық төлеген уақыты – 2025 жыл. Сол жылы 690 млн теңге төленген. 100-ден астам қызметкері бар. Осы уақытқа дейін базарға қатысты 37 азаматтық , 8 әкімшілік іс тіркелген.

Алтын Орда базары
Айта кететін жайт, Алматыдағы «майлы» орындардың көпшілігі Назарбаевтар әулетімен тікелей байланысты. Қаңтар оқиғасына дейін олар базарлардың нақты иесі болды, бірақ 2022 жылдан бастап жағдай ауысты.
Әйгілі «Алтын Орда» базары «KURYLYS LTD» ЖШС-ның меншігі болған. 2013 жылдың наурызынан 2022 жылдың сәуіріне дейін компанияға Болат Назарбаев иелік етті. 2022 жылғы 20 сәуірде Данияр Әлпиев пен «Компания номер один» ЖШС құрылтайшылар атанды. «Компания номер один» ЖШС-ға Данияр Әлпиев пен Еркебұлан Хамзин иелік етеді. Бірақ дау осы жерден басталады. Данияр Әлпиевтің сөзінше, «Алтын орда» базарын оның әкесі Алтынбек Әлпиев ашқан. Бірақ кейін рейдерлік шабуылмен Назарбаевтар әулетіне өткен.
2023 жылы бұл жағдайға қатысты іс қозғалды, Болат Назарбаевтың серіктестері жауапқа тартылды. Бірақ базардағы сатушылар компания әлі де экс-прездент отбасына тиесілі болып қалғанын айтады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында, базардан бюджетке қанша салық түскені көрсетілмеген. Adata-дағы деректерге сүйенсек, осы уақытқа дейін қазынаға 292 млн теңге жіберген. Қызығы, 2022 жылға дейін салық көлемі 5-12 млн теңге аралығында болған. 2022 жылы яғни иесі ауысқаннан кейін салық көлемі 20 есе көбейіп, қазынаға 210 млн теңге құйған. Одан кейінгі жылдары қанша төлемақы жасағаны көрсетілмеген.
Базар ресми түрде 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Алматыдағы ең ірі базар саналғанымен, шағын кәсіпорын ретінде тіркелген, тек бес қызметкері ғана бар.
Тағы да оқыңыз: Қайрат Сатыбалды қайтарған «Байсат» базары бесінші мәрте сатылмай қалды
Кенжехан базары
Экс-президенттің әулетіне қатысы бар тағы бір базар – «Кенжехан» базары.
Orda.kz жазуынша, 2000-шы жылдары бұл базарды Қуаныш Жамбырбаев пен Реимжан Мансұровтан Әнипа Назарбаева рейдерлік жолмен тартып алған. Әнипа – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жағдай өзгеріп, Әнипа Назарбаева базарды өз иелігінен шығарып, «Митра Консалтинг» ЖШС-ға берді. Оның құрылтайшысы – Александра Манушина есімді кәсіпкер, ал базарды оның туысы Татьяна Манушина басқарады. Манушинаның «Митра Консалтингтен» бөлек Қарағандыда жүк тасымалымен айналысатын «РУСОРМЕТАЛЛ» ЖШС атты тағы бір компаниясы бар.
Базар жалпы бюджетке 684 млн теңге салық төлеген. Бірақ «Алтын Ордамен» ұқсастық бар. 2022 жылға дейін салық төлемі 8-13 млн теңге аралығында болса, 2022 жылы күрт өсіп, қазынаға 39 млн теңге құйды. 2023 жылы 114 млн, ал 2024 жылы 139 млн қаржы салған. Жалпы 42 адам жұмыс істейді деп көрсетілген.

Тастақ базары
Назарбаевтарға қатысы бар Алматыдағы танымал тағы бір базар – бұл Тастақ. «Тастақ»ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде 2022 жылға дейін Болат Назарбаева көрсетілген. Оның үлкен ұлы Құндыз бен Нұрбол Назарбаев та құрылтайшылар қатарында болды.
Бірақ соңғы үш жылда жағдай өзгерді. Қазір компанияны 41 жастағы Ерлан Қаиров басқарады, иесі де сол. Оның атына Тастақ базарынан басқа кәсіпорындар тіркелмеген. Базар аумағы «Алтын Орда» немесе «Кенжеханмен» салыстырғанда шағын, бірақ ол бюджетке миллиондап салық төлеуге кедергі болмады.
Дегенмен мемлекетпен табысын бөлісуде Назарбаевтарға тән схема байқалады. 2022 жылға дейін «Тастақ» ЖШС 7-12 млн теңге аралығында салық төлеген. Ал 2022-де қаржы күрт өсіп, мемлекетке 360 млн теңге құйған. Одан кейінгі жылдары төлем 20-30 млн теңге арасында. Кәсіпорында бас-аяғы 35 адам жұмыс істейді деп көрсетілген.
Алатау базары
Алатау базары – әйгілі барахолкада орналасқан базардың бірі. Бірақ ашық деректерде мәлімет өте аз деуге болады. Бұл базарға қатысты «Алатау рынок» ЖШС атты кәсіпорын тіркелген. Басшысы ретінде Тарту Арғынов көрсетілген. Бірақ құрылтайшылары мен салық түсімі туралы ақпарат жоқтың қасы.
Кей БАҚ-тың жазуынша, «Алатау» базарының «Алатау құс» фабрикасының иесі, кәсіпкер Серік Естайға қатысы болуы мүмкін.
Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде базарлар саны азайып жатыр. Мәселен, былтыр 588 базар тіркелген, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 38-ге аз болған.