Ауыл шаруашылығы министрлігі елде қой еті бағасының өсу себебін түсіндірді

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі сәуір-мамыр айларындағы қой еті бағасының өсуі уақытша және маусымдық сипатта болғанын хабарлады.
«Бағаның өсуіне негізгі фактор ретінде биыл мамыр айының соңына сәйкес келген Құрбан айт мерекесін дайындау және өткізу кезеңіндегі сұраныстың дәстүрлі артуы әсер етті», – деп хабарлады министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы саласында тұрақты оң динамика сақталып отырғанын атап өтті. 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара мал басы 9,8 млн басқа, қой – 23,5 млн басқа, жылқы – 5,1 млн басқа жетті.
Сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артты. Қаңтар-сәуір айларында сойыс салмағындағы барлық түрдегі ет өндірісі 338,2 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың тоннаға артық.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі таңда ел бойынша қой етінің орташа бағасы 4 209 теңгені құрайды. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, қой етін сатып алу бағасы шамамен 200 теңгеге арзандады.
Ведомство бағаның өсуі өнім тапшылығымен байланысты емес екенін ерекше атап өтті. Министрліктің деректері бойынша, ағымдағы өндірістік көрсеткіштер ішкі нарықтағы ұсыныс көлемінің жеткілікті екенін растайды.