Алматылықтарға уақытша тауға шықпау ұсынылды

Төтенше жағдайлар департаменті Алматы тұрғындары мен қонақтарын ауа райының нашарлауы туралы ескертіп, тауға бармауға кеңес берді.
3 маусымда Алматыда найзағай, жаңбыр және солтүстік-батыстан соққан желдің күшеюі күтіледі. Желдің екпіні 18 м/с жетуі мүмкін. Бостандық және Медеу аудандарының таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, сондай-ақ желдің 15-20 м/с дейін күшеюіне болжам жасалған.
«Ауа райының нашарлауына байланысты азаматтарға нашар бекітілген құрылымдардың, жарнамалық қалқандардың, құрылыс қоршауларының, ағаштардың және қатты жел кезінде қауіп төндіруі мүмкін басқа да нысандардың жанында тұрмауға кеңес береміз. Дауылды ескерту кезеңінде таулы аймақтарға барудан бас тартыңыздар», – делінген ТЖД хабарламасында.
Егер күтпеген жағдай орын алса, 112 нөміріне хабарласыңыздар.