Жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылғандарға рақымшылық жасалмайды – ІІМ ұстанымы

Депутат Николай Арсютин мас күйде көлік айдап, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылғандарға қатысты мәселені көтерді. Айтуынша, Мәжіліс талқылап жатқан рақымшылық жасау туралы заң жобасына бұл санаттағы азаматтар енбеген.
«Парламентке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң жобасының 608-бабына жазаны жеңілдетуге қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Жазаны жеңілдетуді қолдайтындар да, оған қарсы тарап та бар. Бұл бап бойынша жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін толық кешіру қажет демеймін. Бірақ жазаның басым бөлігін өтеген азаматтар үшін 7 жыл орнына 4 жылға дейін қысқартуға қатысты ІІМ ұстанымы қандай?», – деп сұрады депутат Николай Арсютин.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселеде министрліктің ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.
«Қандай да бір жеңілдік жасалмайды. Алкоголь немесе есірткі қолданып, масаң күйде көлік басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұл ауыр зардаптарға әкелетін жол апаттарының негізгі себептерінің бірі.
Әкімшілік амнистияға келетін болсақ, сот шешімдері бұл амнистияға кірмейді. Мәселе тек айыппұлдарды есептен шығару туралы болып отыр», – деді Әділов.
Сондай-ақ Әділов статистиканы жариялады. Айтуынша, 2026 жылдың бес айында мас жүргізушілер кінәсінен 144 жол апаты тіркеліп, 4 адам қаза тапты, 212 адам жарақат алды.
2025 жылы 673 жол-көлік оқиғасы болып, 56 адам қаза болды, ішінде бір бала бар.