Тимур Турлов: SEC тексерісінің аяқталуы капитал тартуға жол ашады

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) тарапынан 5 жылға созылған тергеудің аяқталуы Freedom Holding Corp. компаниясына қаржыландырудың жаңа халықаралық нарықтарына шығуға және АҚШ пен Еуропалық Одақта қаржылық лицензиялар алуды жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы холдингтің бас атқарушы директоры Тимур Турлов Уэллс хабарламасы мен 2026 фискалдық жылға арналған аудиттелген қаржылық есептің жариялануына түсініктеме бере отырып мәлімдеді.
Тимур Турловтың айтуынша, тексеріс шортшылардың шабуылы болған кезде басталған және реттеуші бәрін тексеруге міндетті болған.
«Бұл сәл қорқынышты естілуі мүмкін, сондықтан қарапайым сөзбен түсіндіріп өтейін. Бұл айыптау да, үкім де емес. Бұл тексеру актісі сияқты нәрсе, кез келген тексеріс шамамен осылай аяқталады. Енді компания реттеуші түпкілікті шешім қабылдағанға дейін ұстанымын білдіре алады. Көбінесе бұдан кейін қандай да бір айыппұл салынады да, жаңа парақ басталады», – деді ол.
Freedom Holding Corp. басшысы мұндай хабарламаларды әр жылдары Tesla, Goldman Sachs мен JPMorgan да алғанын атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде-ақ мұны 450-ден астам компания алған.
«SEC тарапынан интернализацияланған мәмілелерге қатысты сұрақтар болды. Бұл, негізінен, брокер өз клирингтік жүйесінің ішінде орындайтын, клиенттер немесе маркет-мейкерлер арасындағы биржадан тыс мәмілелер. Күрделі естілгенімен, бұл АҚШ-та да, Еуропада да брокерлер үшін қалыпты жағдай. Deloitte операциялардың барлығын бөлек қайта тексеріп, түсімді дұрыс есептегенімізді растады. Біз позициямызды реттеушіге жеткіздік әрі түпкілікті шешімді байыппен күтіп отырмыз. Заңгерлеріміз бен аудиторларымыз мықты, ешқандай қауіп жоқ. Тексерістің аяқталуы бізге капитал тартуға, АҚШ пен Еуропада қаржылық лицензиялар алуға тікелей жол ашады», – деп толықтырды Тимур Турлов.
2023 жылғы 15 тамызда Hindenburg Research шорт-селлері Freedom Holding Corp. компаниясына қарсы есеп жариялап, холдингті санкцияларды айналып өтті, ресейлік бизнес сатылғаннан кейін онымен байланысты жасырды, есептілікті бұрмалады және басқа де заң бұзушылықтар жасады деп айыптаған. Сонымен қатар Hindenburg FRHC акцияларының бағасы төмендегенде табыс табуды көздеп, олар бойынша қысқа позициясы (short position) бар екенін ашық көрсетті.
Freedom Holding пен Тимур Турлов айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, есепте шынайы емес және қате түсіндірілген мәліметтер бар екенін мәлімдеді. Жарияланымға қарамастан, FRHC акциялары алғашқы төмендеуден кейін тез арада қалпына келіп, кейінірек тарихи максимумдарын жаңартты. 2024 жылдың қаңтарында холдинг халықаралық кеңесшілер жүргізген тәуелсіз тексеріс Hindenburg есебіндегі негізгі айыптауларды растамағанын хабарлады.
Бүгін SEC ұйымы Freedom Holding Corp. тексерісін аяқтағаны белгілі болды. Компанияның есептілігіне сүйенсек, 2026 жылдың наурызында реттеуші қызметкерлері холдингке, оның негізгі акционері әрі басшысы Тимур Турловқа Уэллс хабарламасын жолдаған. Құжат SEC қызметкерлерінің алдын ала ұстанымын көрсетеді әрі олар Комиссияға азаматтық іс қозғауды ұсыну мәселесін қарастырып жатқанын білдіреді. Freedom Holding тексеріс қорытындыларымен келіспейтінін, реттеушіге өз уәждері жазылған ресми жауапты жіберіп қойғанын мәлімдеді.
Холдинг жылдық есептілігін жариялаған. Freedom Holding Corp. түсімі NASDAQ биржасына шыққан сәттен бастап 26 еседен астам өсіп, 2,19 млрд долларға жеткен. Таза пайда 2025 жылмен салыстырғанда екі есе артып, 76,2 млн доллардан 153,3 млн долларға дейін өскен.