500 мың адамның әкімшілік айыппұлы кешіріледі – ІІМ

Қазақстанда әкімшілік істерге рақымшылық жасау аясында 500 мыңнан астам азаматтың айыппұлы кешіріледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
Оның айтуынша, Ішкі істер органдарының құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58-бабы амнистия шарасының аясында қарастырылып отыр.
«Алдын ала есеп бойынша жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұл есептен шығарылады», – деді ол.
Санжар Әділовтың сөзінше, төленбеген айыппұлдары кешірілетін әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.
Алайда амнистия заңсыз есірткі және қару айналымына байланысты құқық бұзушылықтарға, сот шешімдерімен байланысты істерге, сондай-ақ қайталанған және қасақана жасалған өрескел құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін азаматтардың айыппұлы автоматты түрде кешірілетіні жазған едік. Ол үшін қандай да бір құзырлы органдарға жүгінудің қажеті жоқ.