Павлодарлық әйел жалған анықтама көмегімен қамаудан құтылмақ болды

Ақсу қаласында прокуратура айыпты әйел жазадан құтылу үшін жалған жүктілік анықтамасын алғанын анықтады.
Noks.kz ақпаратына қарағанда, тексеру барысында жүргізуші куәлігі жоқ әйел мас күйінде көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасына қатысқаны белгілі болған.
Сот кезінде ол жүкті екенін айтып, анықтама ұсынған. Әйелдің аяғы ауыр екені ескеріліп, әкімшілік қамау айыппұлмен алмастырылған.
Алайда прокуратура жүргізген тексеру медициналық құжат жалған екенін көрсетті. Осы факті бойынша жалған құжаттарды пайдалану бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің ықтимал қатысы да тексеріліп жатыр. Құқық қорғау органдары әзірге іске қатысты толық мәлімет таратқан жоқ.
Ақсу прокуратурасы соттың бастапқы шешіміне наразылық білдіріп, жазаны қатаңдатуды талап етті. Нәтижесінде облыстық соттың апелляциялық алқасы айыппұлды 20 тәулік әкімшілік қамауға ауыстырды.
Айта кететін жайт, көлік тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу ережелері өзгереді.