Ит пен мысықтың тілін адами тілге аударып беретін қарғыбау шықты

Қытайлық Meng Xiaoyi стартапы иттің үргені мен мысықтың мияулағанын адами тілге «аударатын» смарт-қарғыбауды таныстырды.
ТСН ақпаратына қарағанда, онда жасанды интеллект орнатылған. Құрылғы PettiChat деп аталады.
Компанияның мәліметінше, құрылғының аударма дәлдігі – 94,6%. Алайда оны растайтын тәуелсіз ғылыми зерттеу әзірге жарияланған жоқ.
Салмағы небәрі 27 грамм болатын құрылғы жануардың мойнына тағылады. Ол микрофондар, қозғалыс датчиктері мен акселерометрлер арқылы дыбыстарды, дене қимылдарын және мінез-құлық белгілерін тіркейді. Жиналған мәліметтер Alibaba Cloud әзірлеген Qwen жасанды интеллект моделі арқылы өңделеді.
Әзірлеушілердің айтуынша, жүйе жануардың әрекеттерін талдап, шамамен 1,2 секунд ішінде иесінің смартфонына «аударылған» хабарлама жібереді. Стартап құрылғыны жасау үшін жануарлардың миллионнан астам дыбысы мен мінез-құлық үлгілерін пайдаланғанын мәлімдеді.
Десе де, кейбір сарапшылар бұл мәлімдемелерге күмәнмен қарайды. Ғалымдардың пікірінше, қазіргі AI жүйелері жануарлардың күйзеліс, қуаныш немесе тыныштық секілді эмоциялық жағдайларын анықтай алады. Бірақ олардың дыбыстарын нақты адам тіліне айналдыру мүмкіндігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.
Қытайда бүгінде шамамен 126 миллион үй жануары бар. Ал ақылды құрылғылар инвесторлар мен тұтынушылар арасында үлкен қызығушылық тудыруда.
Айта кететін жайт, Алматыда ит пен мысыққа арналған қонақүй, такси қызметі жұмыс істейді.